Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

"QazCovid-in" вакцинасы Түркияда құйылады, - Е.Тоғжанов

AstanaTV
09.04.2021ж. 20:00
1972
"QazCovid-in" вакцинасы Түркияда құйылады, - Е.Тоғжанов

Отандық "QazCovid-in" вакцинасы Қазақстанда өндірілгенімен, Түркияда құйылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары айтты. Қазір екпенің 50 мың дозасы дайын. Препарат клиникалық зерттеудің ІІІ фазасын сәтті өтті. Енді ол аймақтарға жіберіле бастайды. Бірақ барлығына емес. Қазақстандық вакцинаға бірінші қай өңірлер қол жеткізеді? Елде екпе науқаны қалай жүріп жатыр? Әріптесім Асылбек Данияр сауалдарға жауап іздеп көрді.

Премьер-министрдің орынбасары 21 сәуірде қазақстандық вакцинаны зерттеу аяқталатынын айтты. Ал, 25-і мен 27-ші сәуір аралығында денсаулық сақтау саласы отандық вакцинаға қол жеткізуі мүмкін. Алғашында екпенің 50 мың дозасы тек Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына ғана жеткізілмек. Бірақ препарат Түркияда құйылады. Оған қазақстандық зауыттардың шамасы жетпегені себеп болған, дейді.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда біз Түркиямен келісім шартқа отырдық. Олардың өздерінің вакцинасы жоқ. Бірақ қуаттылығы жоғары үлкен өндіріс алаңдары бар. Оған қоса, Түркия Қазақстандағы зауыттың құрылысына көмектесетін болады. Сонымен қатар, арнайы вакцина өндіретін құрылғыны жөндеуге және алдағы уақытта құрылғыны қадағалау туралы да келісім жасалды.

1 ақпаннан бастап Ресейдің "Sputnik V" екпесін 254 мыңнан астам адам қабылдаған. Кейбір өңірлерде екпе таусыла бастапты. Дегенмен, денсаулық сақтау министрі, республика бойынша 300 мың препарат жеткізуге уәде берген еді. Сондай-ақ медицина мамандары тұрғындарға мынадай ескерту айтты.

Манар СМАҒҰЛ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ м.а.:

Егер бір вакцинамен бастасаңыз сол вакцинамен аяқтау қажеттілігі туралы нұсқау бар. Себебі бұл екі вакцина екі түрлі технологиямен әзірленген. Бағана мен айтып кеткендей, эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып қолжетімді вакцинаны басқа вакцинаны қоспай қолдану қажет.


Вакцинация жасау тежеліп қалған Алматы қаласында 13 сәуірден бастап халыққа екпе салу қайта жалғаспақ.  Ал, Нұр-Сұлтанда келесі аптадан бастап тұрғындар сауда ойын-сауық орталықтарында вакцина қабылдауына болады. Кезекші бригада таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Емханаларда препарат қабылдағысы келгендер алдын ала қоңырау шалу арқылы немесе "Egov" арқылы жазыла алады.

Тимур МҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда "MEGA Silk Way" сауда ойын-сауық орталығында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып халықты вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сауда орталығында 2 бригада түске дейін және 2 бригада түстен кейін жұмыс істейтін болады. Бригадалардың құрамында дәрігерлер мен медбикелер болады.

Нұр-Сұлтанда Рамазан айында діни ұжымдық іс-шараларға қатаң тыйым салынды. Олардың арасында көпшілікке ауызашар беру мәселесі де қарастырылған. Қаланың "қызыл" аймақта болуына байланысты санитарлық дәрігер "Тарауих" намазын отбасында оқуға болатынын жеткізді.

Жанна ПРАЛИЕВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аурудың алғашқы белгілері: безгек, әлсіздік, иіс жоғалу және басқа белгілер пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгініп, дәрігер ораза ұстауды тоқтату туралы кеңес берсе оған құлақ асқан жөн.

Дін өкілдері ораза ұстаған азаматтарға сәресін ішу кезінде тамақтың құнарлы әрі дәруменге бай болуына жіті назар аударуға кеңес береді. Енді эпид ахуалға тоқталсақ. Қазақстанда әлемдік картаның "қызыл" аймағына кіргеніне бір ай өтті. Сырқаттанушылардың өсімі әлі де жоғары. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше ауруханаларда жатқан 500-ден астам науқастың жағдайы ауыр. Сондай-ақ жағдайды бағалау матрицасының "қызыл" аймағына 8, "сарыға" 5, ал "жасыл" белдеуде тек 3 өңір ғана қалды.

А. Данияр