Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қазығұрт тауына қауіп төнгені ме?

AstanaTV
09.04.2021ж. 20:00
3716
Қазығұрт тауына қауіп төнгені ме?

Түркістан облысының тұрғындары алпыс жылдан бері жұмыс істеп тұрған карьердің жұмысын тоқтатуды талап етті. Төлеби ауданына қарасты Ақбұлақ ауылының азаматтары таудан тас қазатындардың пайдасынан зияны артып барады деп дабыл қағып отыр.  Айтуларынша, жер асты қазба байлығын қолданушылардың әрекетінен бұлақ көздері жабылып, егін суармақ тұрмақ, ішер суға зар бола бастаған. Бұлай жалғаса берсе, Қазығұрт тауының баурайы сахараға айналуы әбден мүмкін деген халықтың жан айқайын әріптесім Айзада Төребекқызы жеткізсін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазығұрт тауының тасы бұл жерде 1959 жылдан бері алынып келеді екен. Содан бері қысы-жазы бірде бір үзіліс болмапты. Ауыл ақсақалдарының білуінше карьердің жұмысы елу жылда тоқтауы тиіс болған екен, бірақ тау тасы әлі күнге тасылып жатыр.

Карьер тұрғын үйлерден таяқ тастам жерде ғана. Ақбұлақ ауылының тұрғыны Ерсұлтан Қансейітов ес білгелі таудағы жағдайға куә болып жүргенін айтты. Дүмпудің күшті болатыны сонша  жер қимылдап, есік -терезелер сықырлап кетеді дейді. Тіпті қабырғаларда жарықшақ көбейген.

Ерсұлтан ҚАНСЕЙІТОВ:
 
Аптасына екі рет үш рет взрыв болады. Бір күнде тіпті екі реттен болады. Уже біздің бүкіл ауылдың бәрі көршілер бәрі уже тойған ремонт жасаудан. Ақырында жасамайтын да болған, жарылып кете береді...осы взрывтың кесірінен.

Ақбастаулықтардың уайымы бұл ғана емес секілді. Су көздері де соңғы 10-15 жылда тартыла бастапты. Мәселен, Қазығұрт тауының баурайындағы ауылдардың күніне жарап келген 15 бұлақтың сегізі мүлдем сарқылған. Ағын су да жоқ есепті. Осы төңіректегі оншақты ауыл қазір тіршілік нәрінен тапшылық көріп бастаған. Айтуларынша, кейбір ауылға ауыз су сағатпен беріледі.

Әлібек ӨРІСБАЕВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақбура деген үлкен өзеніміз болатын. Содан 200-300 гектарға жүгері егіп, бәріне жетіп жататын. Ақбура деген өзенімізден атпен зорға өтетінбіз біз кезінде. Қазір жетпей жатыр, біздің өзіміздің әшейін помидор суаруға жетпей жатыр. Экологиялық апат деп білеміз бұны.

Әбдімомын ТОҚТАҒҰЛОВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Қотырбұлақ» деген бұлақ бар, сол бұлақтан 350 үйден астам адамға бағдарлама бойынша су апарылған, соның 50 пайызы ғана су ішіп отыр. Қалғаны су іше алмай отыр, қарағым. Көше көшеден тасып, жұрттар қаңғып жатыр сөздің шынын айтқанда. Біз мынау карьердің тасын тоқтатуға өтініш те емес, басқа да емес, талап етеміз біз. Тоқтатылсын!

Тұрғындардың білуінше карьер цемент шығаратын зауыттардың біріне тиесілі. Тау тасын алпыс жылдан астам уақыттан бері алатындықтан үлкен шұңқырдың тереңдігі жүз елу метрге жетіп қалыпты. Тіпті ауыл қорымына жақындап қалғанын айтқан ақбастаулықтар жер қойнауын пайдаланудың тәртібі сақталмай отырғанына сенімді.
 
Айтуар РЫСКЕЛДИЕВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргі таңда бір зауыттың мүддесі біздің осы Қазығұрт баурайында орналасқан он ауылдың мүддесінен жоғары болып тұр. Ол жерде қаншама елді-мекен, қаншама халық орналасқан.

Қақпаған есігіміз қалмады деген халық экология министрлігі мен облыс басшыларына дейін жуырда ресми хат жолдапты.

Мәди ҚОЖАТАЙҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Шымкент цемент АҚ-ның Ақбастаудағы карьері бойынша арыз ол арыз қазір қаралуда. 14-апрельден бастап біз жоспардан тыс тексеру жүргізуге прокуратураға тексеру тағайындау жөнінде АКТ жолдадық. Сол АКТі тіркелген уақыттан бастап жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Тексеру қорытындысы он күн шамасында әзір болмақ. Соған сәйкес нақты шешім қабылданады екен. Алайда тау тасын қопарудың нәтижесін көріп жүрміз деген төлебиліктер, қазба жұмысы жалғаса берсе киелі Қазығұрт тауы болашақта тау қалпын да сақтай алмай қалады ма деп те алаңдайды.  

А. Төребекқызы