$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СҚО құзырлылары қоқысты күзетіп жүр

AstanaTV
09.04.2021ж. 20:00
3670
СҚО құзырлылары қоқысты күзетіп жүр

СҚО құзырлылары қоқысты күзетіп жүр. Өйткені аймақтағы қалдық жиналатын полигонға, жойылып кетудің алдында тұрған бірқазандар қоныстаныпты. Көл бетіндегі мұз әлі еріп үлгермеген соң, құстар суға жолай алмай азықсыз қалған көрінеді. Қалдықпен қоректенген құстың өміріне қандай қауіп төніп тұр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин қызғылт түсті бірқазандарды көріп қайтты.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Оңтүстік елдерде қыстайтын бірқазандар Солтүстік Қазақстанға үш күн бұрын ұшып келген. Қызыл кітапқа енген қызғылт құстар мұндай жағдайды күтпесе керек. Биыл көктем кеш келіп, көл бетіндегі мұз әлі еріп үлгермеген. Сондықтан қанаттылар азық іздеп, қоқыс полигонын паналауға мәжбүр.


Ұшып келген топтың ішінде жүзге тарта құс бар. Аш қанаттылар үйіндінің арасынан бүлінген азықты тауып қоректеніп жатыр. Бейнет кешкен бұл құстардың өліп қалуы да ғажап емес, дейді тәжірибелі орнитолог Иван Зубань.  

Иван ЗУБАНЬ, М.ҚОЗЫБАЕВ ат. СҚМУ ОҚЫТУШЫСЫ:


Құстардың өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, бірқазандар тек балықпен ғана қоректенеді. Ал қоқыстағы қалдықтар оларға азық ретінде жарамайды. Жалпы, қызғылт бірқазандар біздің өңірде сирек кездеседі. Мен мұншама ірі топты бірінші рет кездестіріп тұрмын.


Құзырлы органдар қазір қоқыс полигонында кезекшілік орнатып, құстарға аңдар мен қаңғыбас иттердің жоламауын бақылап отыр. Сала мамандары бірқазандар Солтүстік Қазақстанда тынығып алу үшін тоқтағанын айтады.

Олег БЕСПАЛОВ, СҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ АЙМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бірқазандар біздің облыста жұмыртқаламайды. Олар басқа аймаққа ұшып бара жатқан болар. Жалпы, бұл құстар миграциялаған кезде 15 күнге дейін азықсыз жүре алады. Егер Солтүстік Қазақстанда ұзақ аялдаса, онда оларды тамақтандыру амалын қарастырамыз.

Бірқазандар күніне бір келіге жуық балық тұтынады. Демек, қоқысты мекендеп жүрген құстарды азықпен қамту үшін күн сайын 100 келіге тарта балық керек. Жауапты мекеме мұндай шығын бюджетте қарастырылмағанын айтады. Сондықтан сирек кездесетін қызғылт бірқазандар үшін қосымша қаржы көзін іздеуге бекініп отыр.

А. Құрманкин