Солтүстік Қазақстан облысында түлкі малға шабуылдап, ірі қара құтырма ауруына шалдықты. Бұл келеңсіздік аймақтағы асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысатын шаруашылықта тіркелген. Мал дәрігері қан сараптамасы арқылы дерттің бар екенін анықтаған соң, бірден ірі қараны өртеп жіберіпті. Сондай-ақ, ветеринар үй жануарын түлкі тістеп алғанын анықтаған. Қалың қардың кесірінен азық таппаған жабайы аңдар елді-мекендердің ішіне жиі кіре бастаған, дейді олар. Айта кету керек, бұл биылғы жылы тіркелген құтырманың алғашқы жағдайы емес екен. Аталған дерт ақпан айында Мамлют ауданы Меңгесер ауылының малынан да табылған болатын.
Берік ӘЛЖАНОВ, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Шаруашылықта басқа ауру малдар тіркелген жоқ. Уақытында алдын алу жұмыстарын жүргізудің арқасында, яғни ауру мал өлген жерін дезинфекциялап, ауру малды өрттеп, қалған мал бақылауға қойылды. Биыл бізде облыс бойынша 53 мың бас малға вакцина егу көзделген. Оған вакцина бар. Қазіргі уақытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Эпидемиолог мамандар құтырманың адам үшін өте қауіпті екенін айтады. Сала мамандары малмен тікелей байланыста болған жұмысшыларды оқшаулап, дереу вирусқа қарсы екпе жасағандарын хабарлап отыр.
Юлия ГАЙСИНА, СҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИЯЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Құтырма вирусы сілекей арқылы жұғады. Егер адамдарды дер кезінде емдемесе, онда олардың бақилық болу көрсеткіші 100 пайызға дейін жетеді. Біз Докучаево ауылындағы шаруашылықта істейтін 19 адамға вакцина беріп, оларды бақылауға алдық. Жалпы, жыл басынан бастап жануарлардан 249 адам жапа шекті. Олардың барлығына екпе жасалды.
А. Құрманкин