Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен әскериге ота жасалды

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен әскериге ота жасалды

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі әскеридің біріне «теріні трансплантациялау» отасы жасалды. Дәрігерлер мұндай отаның науқасқа алдағы уақытта тағы жасалынатынын мәлімдеді. Ал екінші әскериді комбустиолог мамандар емдеп жатыр. 34 және 25 жастағы екі науқастың да жағдайын ақ халаттылар ауыр деп бағалап отыр.

Сағи БЕЙСЕНБЕКОВ, АЛМАТЫ № 4 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Жансақтау бөлімінде жатыр. Бірінің жағдайы орташа ауыр, екінші науқас тұрақты ауыр. Комбустиологтар күйік ауруларын емдеп жатыр. Дәрігерлер пациенттердің бірін аутодермопластикаға өз терісінің сау бөлігін терең жарақат орнын трансплантациялауға дайындап жатыр, бірінші кезең сәтті өтті.


Естеріңізге салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі АН-26 ұшағы, қала әуежайы маңында осыдан бір ай бұрын құлаған еді. Бортта сол күні 6 адам болған. Әскерилер оқу-жаттығу жұмыстарымен Нұр-Сұлтаннан Алматыны бетке алған. Апат салдарынан борттағы төрт адам көз жұмды. Күйік шалған екеуі, дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізелген болатын. Құзырлы органдар әзірге қайғылы оқиғаның нақты себебін жария етпеді. Мән-жәйді анықтау жұмыстары әлі жүріп жатқанын айтты.

Ә. Лесбек