Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Биыл Ақтөбе облысында жаңадан 15 мектеп салынады

AstanaTV
16.04.2021ж. 20:00
2298
Биыл Ақтөбе облысында жаңадан 15 мектеп салынады

Еліміз егемендік алғалы бері білім саласы іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Жыл сайын аймақтарда жаңа білім ошақтары ашылып, заманауи ақпараттық жүйелер енгізілуде. Бұл оңды өзгерістерге мұғалімдер дән риза.  Тәуелсіздіктің 30 жылында тек бір ғана Ақтөбе облысы бойынша 100-ден астам мектеп бой көтеріпті. Соның бірқатары шалғай ауылдарда салынған.

Ақтөбедегі №60 мектеп осыдан 5 жыл бұрын «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында салынған. Қазір мұнда 3 мыңнан астам бала оқиды. Мектеп директорының айтуынша, шәкірттің білім алуына ғана емес, жан-жақты дамуына да баса назар аударылады. Мектепте спорт секциясы, көркем және би студиясы жұмыс істейді. Қазір бұл мектеп қаладағы беделді білім ошақтарының бірі болып отыр.

Абзал ТӘЖІМІШЕВ, АҚТӨБЕ қ. №60 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тәуелсіздік алғалы бері еліміз гүлденіп, даму үстінде. Мысалы, бір ғана «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы 10 жылда салынды. Ал біздің мектеп өзінің бес жылдық тарихында білім саласына сүбелі үлес қосты. Оқушыларымыз облыстық және қалалық олимпиадалардан жүлделі болып жүр. Ал былтыр қаладағы орта мектептер арасында топ жардық.


Қазіргі балалар үшін кез-келген ақпаратты іздеп, зерттеуге көптеген мүмкіндіктер бар. Бұған Ақтөбедегі ең көне мектептердің бірінің директоры Шолпан Өмірзақова сенімді. Ол мұғалім мәртебесі туралы заңның енгізілуін білім беру саласындағы басты оқиғалардың бірі деп санайды.

Шолпан ӨМІРЗАҚОВА, АҚТӨБЕ қ. №3 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылданғанына өте қуаныштымыз. Бұл заң ұстазға үлкен жауапкершілік жүктейді әрі бізді қорғайды. Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын да зор жетістік санаймыз. Бүгінде осы бағдарламаның жемісін көріп отырмыз. Цифрландыру, «Күнделік» электронды журналы мен білім беру платформалары да көңілден шықты.


Елімізде мұғалім мәртебесін арттыру үшін көп іс атқарылды. Мысалы, өткен 30 жыл ішінде ұстаздардың жалақысы өсті. Ақтөбе облысының өзінде бұл көрсеткіш 150% -дан асты. Орташа есеппен ақтөбелік мұғалім 180 мың теңгеден астам жалақы алады. Сондай-ақ өңірде жыл сайын ондаған жаңа мектеп салынады.

Ләззат ОРДАБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Біз биыл 4790 оқушыға арналған 15 мектеп салып жатырмыз. Жыл соңына дейін 15 жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Тәуелсіздік жылдары 153 жаңа мектеп салынғанын атап өткім келеді, оның 102-сі ауылдық жерлерде бой көтерді.

Қазір облыстағы төрт жүзден астам мектепте 160 мың жас ақтөбелік білім алуда. Халық саны көбейген сайын жаңа білім ошақтарына қажеттілік те артып келеді. Соңғы бес жылдың ішінде, яғни, 2016 жылдан бері облыста 53 жаңа мектеп салыныпты.

Е. Карин