Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Таразда мектеп оқушыларына оқ жаудырған кім?

AstanaTV
20.04.2021ж. 20:00
2604
Таразда мектеп оқушыларына оқ жаудырған кім?

Таразда мектеп оқушыларына түн ортасында белгісіз біреу оқ жаудырған. Түрлі дене жарақаттарын алған үш жасөспірімдер, қазір ауруханада жатыр. Ақ халаттылар олардың жарақаттары көп екенін айтты. Дегенмен өмірлеріне қауіп жоқ деді. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті.

Тараздық тәртіп сақшыларды аяғынан тік тұрғызған бұл келеңсіздік өткен жұмада түн ауғанда болған. Бірақ бұған қатысты ақпараттар енді ғана жалпақ жұртқа жария болып жатыр. Қала шетіндегі Шөлдала алқабында белгісіз біреулер көше бойындағы жеткіншектерге оқ жаудырған.   

Азат САДЖАНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Түңгі бір уақытында жасөспірім балалар келіп түсті. Қол-аяқтарының, бет жақты сүйектерінің көптеген бытырамен ату жарасымен келіп түсті. Негізі бытыралардың саны өте көп. Барлық бытыраларды алу мүмкін емес. Кейбірі тереңге кіріп кеткен. Бұл балалардың жағдайы қазіргі таңда тұрақты. Оталар бәріне жүргізілді.


Жарақат алып ауруханаға түскен балалардың денсаулығы қазір тұрақталған. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, бұзақылар түңгі сағат 12-00-де бірнеше көлікпен келген. Олар көрші ауылдың жастары болуы да мүмкін деген болжам бар. Білім бөлімінің дерегінше, жрақат алған жасөспірімдердің екеуі мектеп оқушысы, ал біреуі колледж студенті.

Саясат ЕСЕЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Шөлдала мектебінен екі оқушы жәбірленуші ретінде қаралған. Балалар толық отбасынан шыққан, сабақ үлгерімдері қанағаттанарлық деңгейде. Бұрындары тәртіп бұзған үшін ешқандай есепке алынбаған.


Дегенмен, түн жарымында мектеп оқушылар көшеде не істеп жүр деген заңды сауал туады. Бірақ бұған қатысты ешкім жауап бере алмады. Полиция сотқа дейінгі тергеу басталғанын ғана хабарлады.

Бейбіт НАЛЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ №2 ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Қылмысты жасаған күдікті ұсталып, қамаққа алынды. Қылмыстық істің толық мән-жайы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды.

Түн жарымда балаларын көшеге жіберіп қойған жәбірленуші тараптың ата-аналары да жауапкершілікке тартылуы бек мүмкін. Қазір кәмелетке толмаған жастар істері жөніндегі комиссия құрылып, өз алдына тексерісті бастап кетті. Айта кетейік, өткен жылда дәл осы ауылда оқушылар жаппай төбелесіп, 16 бала, 5 жігітке жабылып, біреуін пышақтап өлтірген болатын.

Б. Жұмабайұлы