Вакцинациялау жоспары орындалмай жатыр. Денсаулық сақтау министрі Қарағанды, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдеріне шүйлікті. Олар екпе егудің кестесіне сай жұмыс жүргізбеген. Сәуірдің екінші он күндігіне бөлінген препараттың әлі жартысы да пайдаланылмай тұр. Алексей Цойдың айтуынша, бұл қарқынмен қалыпты өмірге оралудың ауылы алыс.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Алексей Цойдың сценарийі тағы өзгерді. Бұл жолғы болжам алдыңғысынан тәуір деуге болады. Коронавирусқа қарсы вакцина салғызатындар көбейген сайын жағдай оң жағынан өзгереді.
Оптимистік болжам бойынша сәуір айының соңында тәулігіне 3000 ауру жұқтыру дерегі тіркеледі. Ал шынайы болжамға сүйенсек, мамыр айының соңына дейін вирус жұқтырғандар саны күніне 4000 мыңға жетеді.
Министр "вакцинацияның бірінші кезеңі- індетке қарсы иммунитет қалыптастыратын уақыт" дейді. Екпенің әсері сонан кейін күшейеді, елдегі эпидемиологиялық жағдай да сол кезде тұрақтайтынына сенімді. Бірақ қазіргі ахуал көңіл көншітпейді. Вакцинациялау өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңда өңірлерде шамамен 188 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен кесте бойынша жүзеге асырылады. Өңірлерде вакцинация жасаудың күнделікті жоспарын орындауда 3 өңір арта қалып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Маңғыстау облыстары. Осыған байланысты аталған облыстың әкімдіктері екпе егу кестесінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Болмаса қолданылмаған препараттарды басқа аймақтарға беру шараларын қарастырамыз.
Сондай-ақ жиында Үкімет басшысының орынбасары мониторингтік топтың жұмысына сынады. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Қазір жайбарақат отыратын уақыт емес, 8 өңір эпид. ахуалды бағалау матрицасының "қауіпті" белдеуінде орналасқан. Республика бойынша инфекциялық емдеу орындарының жартысына жуығы толық. Жан сақтау бөлімдерінде де науқас көп. Бұл Батыс Қазақстан мен Алматы облысына қатысты. Министрдің дерегінше, қазір елде вирус жұқтырған 14 мыңнан астам адам стационарда ем алып жатыр, 775 науқас - қарқынды терапия бөлімінде. Алаңдатарлығы, қауіпті дерт оқушылар арасында да дендеп барады. 4-тоқсан басталғалы 47 мектеп карантинге жабылған.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Дәстүрлі білім беру форматы енгізілгеннен бастап мектеп оқушылары арасында COVID-19-дың өсу тенденциясы байқалады. 4-тоқсан басталғалы 3706 оқушы ауырып қалды, оның 1093-і мектепте оқыса, 2613-і қашықтан білім алады. Осыған байланысты, әкімдікке санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын және "қызыл" аймақтағы мектептер оқуды онлайн жалғастыруын қамтамасыз ету керек.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Оқу жылы басталғаны 16 мыңға жуық оқушы коронавирус жұқтырған. Ал 4- тоқсаннан бастап дәстүрлі форматта оқитын мектеп оқушыларының ішінде вирусқа шалдығудың ең жоғары көрсеткіші-Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Қызылордадағы ахуал туралы қазір сол өңірдегі әріптесім Мөлдір Тоқтасынқызынан білейік. Мөлдір...
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Рахмет, Асылбек. Иә, Қызылордада ахуал мәз емес. Вирус балалар арасында өршіп тұр. Ата-аналар ғана емес, дәрігерлер де олардың денсаулығы үшін алаңдаулы.
Мамандардың мәліметінше, былтыр 213 жағдай тіркелсе, жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі 345 бала коронавирус жұқтырған. Санитар мамандар, әсіресе, соңғы төрт күндікте жағдайдың күрделене түскендігін айтып дабыл қағуда.
Айман ЖАНАҚАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Өткен жылы балалар арасында ешқандай клиникалық белгілерсіз анықталған болатын болса, биылғы көрсеткіштер бойынша құрғақ жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі сияқты симптомдармен анықталып жатыр. Бұл жаңа мутацияланған штамдардың әсері деп болжанады. 16 сәуірде ең жоғарғы көрсеткіш, 37 оқушы короновирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды.
Облыс бойынша, жыл басынан бері 238 оқушы вирус жұқтырған. Оның 158-і -дәстүрлі түрде білім алып жүргендер. Сондықтан облыстың бас санитарының қаулысымен облыс бойынша Жалағаш ауданындағы 1 ғана мектеп қашықтықтан оқу форматына көшкен. Бірақ өңірдегі қалған мектептер де біртіндеп онлайн оқытуға ауысуда.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Ауру ошағы анықталған 35 мектептің белгілі бір сыныптары карантинге жабылды. Сондай-ақ, балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар онлайн оқытуға өтініш білдіргендіктен, оқушылардың 73 пайызы қашықтан білім алуға көшті.
М. Тоқтасынқызы, А. Данияр