$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады

AstanaTV
23.04.2021ж. 20:00
2015
Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады. Апат салдарынан көлік жүргізушісі мен оның бес жолаушысы зардап шеккен. Ал Атырау облысында мұнайшылар мінген көлік, жүк көлігімен соғылды. Автобус ішінде болған 11 жұмысшы дін аман. Тек жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.

Мына кадрларды жолай өтіп бара жатқан жолаушылар түсіріп алыпты. Нұр-Сұлтан – Малотимофеевка бағытындағы тас жолда жедел-жәрдем көлігі жолдың шетінде аударылып жатыр. Жарақат алғандар көлік қасында отыр. Полицияның дерегінше, Lada жүргізушісі көлік тізгінін басқара алмай, медициналық көлікпен соғылған.   

Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жол-көлік оқиғасы салдарынан УАЗ автокөлігінің жүргізушісі мен бес жолаушысы зардап шегіп ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта осы факт бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жарақат алғандардың төртеуі үй жағдайында ем қабылдауға жіберілген. Тек 38 жастағы әйел адам бірнеше жарақатымен ауруханада жатыр.

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Иә, бір адам бізде қазір көпбейінді қалалық 1 ауруханада. Өміріне ешбір қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдайы орташа деңгейде. Бірнеше дене зақымдары бар, алайда емін қабылдап жатыр.

Атырау облысында болған мына жол апатын да жолдағы жолаушылар түсірген. Жылой ауданында мұнайшылар мінген автобус, алдындағы көлікті басып озбақ болған. Бірақ қарсы беттен жүк көлігі шығап, бетпе-бет соғылыпты. Автобус, «Ембімұнайгаз» компаниясына тиісілі мердігер мекеменің қызметтік көлігі екен. Апат салдарынан 11 жолаушысы бар көлік жол жиегіне құлап кеткен.

Гүлнәзира МҰҚТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бүгінгі күні осы жол-көлік оқиғасына қатысты, Қылмыстық кодекстің 345 бабы, көлік құралдарын басқаратын адамдардың, көлік қағидаларын бұзуы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерілу жүргізілуде.

Апаттан зардап шеккендерге жедел-жәрдем көліктері, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ауыр жарақаттары болмаған соң, ауруханаға жатудан бас тартыпты.  Қазір автобустың жүргізушісі ауруханада жатыр. Оның жағдайын дәрігерлер орташа ауырлықта деді.

Нұрбек ҮКІБАЕВ, ЖЫЛЫОЙ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Аудандық ауруханаға бір науқас жеткізілді. Сотресение головного мозгамен. Оған көмек көрсетілді. Стационарлық көмегі жасалып жатыр.

Мұнай компаниясының өкілдері автобус Прорва кен орнынан шығып, Құлсарыға жол тартқанын айтты. Қазір екі жол апатына қатысты да, тергеп тексеру жұмыстары басталған.

Б. Сатуов, Б. Нәдірқызы