$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы атыстан, тұрғындар әбден шошынып қалған

AstanaTV
26.04.2021ж. 20:00
2198
Алматыдағы атыстан, тұрғындар әбден шошынып қалған

Алматыдағы «Бұқар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған дүрбелеңнен, халық әбден шошынып қалған. Олар алғашында күзетшіні атып кейін өз-өзіне қол жұмсаған ер адамды бұрыннан таниды екен. Қала халқын аяғынан тік тұрғызған бұл оқиғаға не себеп болды? Әріптесім Әсем Лесбек анықтауға тырысты.

Шаһар жұртын біраз әбігерге салған оқиға сенбі күні түскі уақыттар шамасында басталған. Белгісіз ер адам алғашында тұрғын үй кешенінің күзетшісімен жанжалдасып, артынша оның аяғынна аңшы мылтығымен оқ атқан.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Күзетшіге оқ атқан соң ер адам кешеннің 17-ші қабатында орналасқан мына пәтерінде жасырынып отырған. Кейін мұнда Полицияның келгенін көріп, подъезд ішіне де бірнеше рет оқ жаудырған. Оқтың іздері қазір мына қабырғаларда қалып қалған.

Куәгерлердің айтуынша, қасқой ғимаратты жаратынын айтып жұртты қорқытқан. Терезеге қисынсыз сөздер жазылған плакаттар іліп, ауаға оқ атыпты. Тұрғындардың айтуынша, атысқа жарты жыл бойы кешеннің кіреберісінде тұрған жиһаз себеп болған.  

Татьяна МОЛДАШЕВА, «БҰҚАР ЖЫРАУ ТАУЭРС» КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына сыртта тұрған дивандар сол азаматтың жиһаздары. Жарты жылдан бері подъездің кіреберісінде тұрды. ПИК өкілдері, оларды көшеге шығарып тастады. Ол содан ашуланып, күзетшіге барған. Содан ушыққан болар.  

Полиция қызметкерлері ер адаммен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп өз бетінше берілуін сұраған. Шабуылшы онымен келіспей терезеден төменге оқ жаудыруын тоқтатпапты. Тұрғын үй кешеніндегі жұрт қаскөйді бұрыннан таниды екен.  

Гүлбағира КЕРТАЕВА, «БҰҚАР ЖЫРАУ ТАУЭРС» КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Осы қарама-қарсы үйдегі тұрғын. Бұрыннан дөрекі мінезімен, ауыр мінезбен байқалатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын отбасы ажырасып кетіп қалған.

Айжан МҰХАМЕДИЕВА, «БҰҚАР ЖЫРАУ ТАУЭРС» КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:


Өте қорқынышты болды. Сол күнгі дауыстардан балалар түгілі бізде шошынып қалдық. Бұл оқиғда ПИК өкілдерінің де кінәсі бар. Ер адам плакаттарды терезесіне екі апта бұрын ілді. Олар соны қадағалауы керек еді.  

Полиция қызметкерлері ер адамды қолға түсіру мақсатында дыбыстық және газдық гранаталарды қолданған. Прокуратура мамандары мен жәдел-жәрдем қызметкерлері де арнайы операция жұмылдырылған. Сол сәтте қаскөй қолындағы мылтығымен бірге терезеден секіріп кеткен.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Азамат жауапкершіліктен қорыққан болар. Өзіне-өзі қол жұмсады 17 қабаттағы сол пәтердің терезесінен. Қазіргі таңда оқиға болған жерде арнайы жедел тергеу тобы өзінің жұмысын жүргізуде. Қылмыстық Кодекстің 293-бабы бойынша.

Полиция Департаменті тергеу барысында ер адамның 56 жастағы Ресей азаматы екенін анықтады. Аяғы оқ тиген күзетші болса, қазір ауруханада жатыр. Демалыс күні Алматы облысының Шалқар ауылында да тағы осыған ұқсас келеңсіздік тіркелген. Белгісіз адам мылтықпен оқ атқан. Қазір ол іздестірілуде. Ал сол аяғынан жарақат алған азаматтың дәрігерлер аяғын шұғыл түрде кесіп тастапты.  

Ә. Лесбек