Атырауда еңбек дауы. Мұнай компаниясының мердігер мекеме жұмысшылары басшылықтан қысым көрдік деп шағымдануда. Айтуларынша, жүк көліктерінің жүргізушілеріне бұзылған техниканы өздеріңіз жөндеуге келіспесеңдер, жұмыстан қуатындарын ашық мәлімдеген.
«Мұнай көлік» мекемесі жұмысшыларының айтуынша, бұл - жуырда тағайындалған басшылықтың жаңа талабы. Бірнеше айдан бері жұмыссыз жатып, еңбекке енді қосылған ашулы топ, ауыр техникалар бола тұра, сырттан жеке кәсіпкерлердің көлігін тартып, бізді жұмысқа қоспай отыр,- деп өкпелі. Осыдан соң жалақы көлемі азайып кетеді деп алаңдайды.
Арман ШӘКИЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Жаңа басшы келгеннен кейін айрандай ұйып отырған ұжымның тас талқаны шықты. Енді жаңағы басшылық мүлдем жұмыс жасамай қалды деп айтуға болады. 14 күн вахтада жасағанда 48 мың шығып тұр. 48 мыңға кім жұмыс жасайды ауыр темірлермен.
Мереке ҚУАНОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
ИП-лар біздің объемдарды алып кетіп жатыр. Біздер басшыларға айтсақ, неге бізге объемді бермейсіңдер біздер неге жасамаймыз дегенде сендерді потребность ретінде ішке ұстап отырмыз,- дейді. Біздің қандай кінәміз бар. машина дайын тұр, жүріп тұр. Бізге неге 50 пайыз төлемейсіңдер десек, ондай жоқ дейді.
Ал, басшылықтың өз уәжі бар. Ол ауыр жүк көліктерін сырттан жалдағанын жасырған жоқ. Жөндеуде тұрған техниканың орнын осылай толтырып отырмын деді. «Қазмұнайгазбұрғылау» компаниясына қызмет көрсететін бұл мекемеде 112 ауыр техника мен сонша жүргізуші бар. Бірақ қазір олардың 47-сі ғана жұмыста жүр. Қалғаны жұмыс көлемінің азаюына байланысты демалысқа жіберілген. Сондай-ақ, көліктерге жөндеу жасайтын мекеме осы жүргізушілердің өздерінің наразылығынан соң қысқартылғанын айтып отыр.
Самат САРТАЙ, «МҰНАЙ КӨЛІК» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
«Сатаз» мекемесі қысқарғаннан кейін 3 сатыда дәрежеге мамандық бойынша өз мекемемізбен ақылдаса отырып, разряд қойдық 3, 4 , 5 дәрежелі қойдық. Оған наразылықтарын білдіріп жүргізушілер ол талапқа келіскен жоқ. Біздің белгілеген техникамыздың ішінде 40 тонна , 60 тонна құралдар жоқ жетіспейді.
Айта кетейік, басынан еңбек дауы арылмаған «Мұнай көлік» мекемесіне еңбек инспекторлары ақпан айында еңбекақыны дұрыс есептемеу бойынша заң бұзушылық анықтап, айыппұл салған. Директордың қаржы ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан қуылып, 122 жұмысшыға 1 милллион 300 мың теңге төленген еді.
Б. Нәдірқызы