Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылордада 6 жастағы бала табылмай жатыр

AstanaTV
28.04.2021ж. 20:00
1668
Қызылордада  6 жастағы бала табылмай жатыр

Қызылордада    6 жастағы бала жоғалып кетті. Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, ол кеше азанда ойнауға шығып, үйіне қайта оралмаған. Ата-анасы 102 қызметіне кешке хабарласқан, содан бері балақай іздестіріліп жатыр.

Алты жастағы Әлтайыр кеше таңертең есік алдына ойнауға шыққан.  Содан үйге оралмаған соң ата-анасы өз беттерінше іздеп, табуға тырысыпты. Бірақ отбасындағы бес баланың ортаншысы  ізім-қайым жоқ.  Қас қарайғаннан кейін   ғана ата-анасы полиция бөліміне хабарласқан. Күштік құрылымдар түннен бері іздеп жатқанымен   нәтиже болмай тұр.  
 
Нұрлан АҚӘДІЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Болжамымыз бойынша, осы бала алдыңғы кезде де, осындай беймезгіл уақытта жүргендігі туралы хабарлама болған.  Қазіргі таңда енді іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Сол аймақтағы видеокамералар, сауда үйлерінің камералары қаралып жатыр. Баланың жүрген тұрысы, қай бағытқа кеткені анықталуда.
 
Баланың суреті  әлеуметтік желілерге де таратылып жатыр. Әзірге көрдім-білдім дегендер  жоқ.  

Әлтайырды  іздеуге  құқық қорғау мамандарынан бөлек  ұлттық «Ұлан» сарбаздары, төтенше жағдай қызметі мен еріктілер   жұмылдырылған.  Із кесуші иттер де бар.

Болатбек АЙТМАНБЕТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ВОЛОНТЕРЛАР ФРОНТ-ОФИСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ауыздарын бекіткендеріне қарамастан, күннің ыстықтығына қарамастан еріктілердің барлығы полиция басқармасының, департаментінің қызметкерлерімен бірге жоғалған баланы іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз еріктілер қолымыздан келгенше баланы іздеп табуға ат салысамыз.

600-ден астам адам  жан-жақты түгел шолып шықты.  Бірақ әлі жіптің ұшы шықпай тұр. Ұшты-күйлі жоғалған балақай туралы мүлдем ақпарат жоқ.

М. Тоқтасынқызы