Солтүстік Қазақстан облысында жабайы жануарлар қырылып қалған. Орманшылардың пайымынша бұған қаңғыбас иттер мен сапасыз жем-шөп себеп болған. Красный бор арнайы табиғи аймақтың қызметкері, өз болжамдарын әлеуметтік желіде ашық жариялады. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселені анықтап көрді.
Ормандағы жануарлардың бейнетін, орманшылар әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Есіл ауданындағы Красный бор табиғи аумағында қызмет ететін Сергей Диреев жабайы төртаяқтылардың ахуалын таспаға түсіріп, өкпе назын жайып салды. Айтуынша, хайуанаттарға азық дұрыс берілмей келеді. Жануарлар арпаның орнына оның қоқымымен қоректеніп жатыр. Азық көлемі де көңіл көншітерлік емес. Бір табын марал мен еліктерге күніне алты жүз келінің орнына не бары бес қап бидай ғана беріледі, дейді ол.
Мемлекеттік мекеме қызметкері қауіпсіздік мәселесін де қозғап кетті. Орманшылар қаңғыбас иттер әлсіз хайуанаттарды жиі талап кететін болған. Тек биылдың өзінде "Красный борда" 20 жануарды ит талаған.
Есіл ауданындағы Красный бор табиғи аумағының жалпы аумағы 62 мың гектардан асады. Қарсақ, түлкі, құстардан бөлек мұнда мың төрт жүзге жуық марал, 2 мың 800 елік пен 384 қабан бар. Жыл сайын жем-шөпке қазынадан төрт миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Алайда, мекеме басшысы биылға алынған азық қоры наурыз айының басында таусылып қалғанын жеткізді.
Николай ГУСЕЛЬНИКОВ, «КРАСНЫЙ БОР» ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРТУ» ММ ДИРЕКТОРЫ:
Біз бір қысқа арпаның 59 тоннасын әзірледік. Әрине бұл жеткіліксіз. Сондықтан жақын маңайдағы шаруа қожалықтары септеседі. Олар әрине таза арпаны емес, қалдығын береді.
Табиғи ресурстар басқармасы қаңғыбас иттерден келген ірі залалды растап отыр. Тек ресми статистиканың өзінде облыс бойынша 30 марал мен елік жапа шеккен.
Ерлан ТӘШІМОВ, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Видеода жануарлардың қан-қан болып жатқаны байқалады. Демек, оларды қаңғыбас иттер талап тастаған. Иттер топтарға бөлініп, жануарларға жаппай жабылады. Орманшылар ветеринария қызметімен бірге оларды атып отырады. Орманшыларды қосымша қарумен қамту мәселесі қаралып отырған жоқ.
Сергей Диреев былтыр жемқорлыққа қарсы агенттігіне де шағымданып көрген. Бірақ тексеріс нәтижесінде заңсыздықтар анықталмапты. Енді әлеуметтік желіде жарияланған бұл проблемаға қатысты, прокуратура тексеріс жұмыстарын жүргізбек.
А. Құрманкин