Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 15 мектеп пайдалануға беріледі

AstanaTV
30.04.2021ж. 20:00
1360
Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 15 мектеп пайдалануға беріледі

Ақтөбе облысында биыл 15   мектеп  пайдалануға беріледі. Замануи білім ошақтарының салынып, оның іші жаңа технологиямен жабдықталуы білім сапасына оң әсер етеді дейді педагогтар. Мұның оқушылардың дамуына да ықпалы зор.   Жалпы өңірде тәуелсіздік алғалы  білім саласы бойынша  атқарылған шаруа орасан. Әрі қарай Ғалымжан Өтеміс айтады.

№ 60 Ақтөбе мектебі 5 жыл бұрын Нұр-Ақтөбе шағын ауданында салынған. Қаладағы ең үздік білім ошағы.  3 мыңнан астам бала оқиды. Мұнда   сапалы біліммен қатар, балалардың  жан-жақты дамуына да ерекше назар аударылады. Оқушылардың сабақтан бос уақытта спорт секциясына қатысуына,  көркем және би студиясына барып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндігі бар.     

Абзал ТӘЖІМІШЕВ, №60 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:


Тәуелсіздіктің 30 жылындағы өзгеріс айқын көрінеді. Еліміз, облысымыз, қаламыз  жылдан жылға дамып келеді. Біздің мектептің де мақтанып айтар жетістіктігі көп. Өңірдің білім беру саласының дамуына қал-қадірімізше үлес қосып келеміз. Оқушыларымыз облыстық, қалалық олимпиадаларда  жүлделі орындарға ие болып жүр.

Елімізде  ұстаздарға да барлық жағдай жасалған.  Оған дәлел ретінде «Педагог мәртебесі» заңын айтуға болады. Онда мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы, кәсіби құзыреттілігі мен құқығының қорғалуы қамтамасыз етілген.

Шолпан ӨМІРЗАҚОВА, №3 МЕКТЕП  ДИРЕКТОРЫ:

Біз "Педагог мәртебесі туралы" Заңның қабылданғанына қуандық .Ол мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрі заңды тұрғыда қорғайды.


Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Педагог мәртебесі туралы"  заң  әзірлеу керектігін өз   Жолдауында тапсырған  болатын.  Құжатта мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері үшін барлық ынталандыру шаралары қамтылған. Мұғалімдер жүктемесін азайту, орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуі де заң аясында жүзеге асырылып отыр.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Оқушылар мен ата-аналарды артық оқу жүктемесінен арылту керек. Барлық өңір әкімдерінің назарын жергілікті жерлердегі мектептегі білім берудегі проблемалық мәселелерді сапалы шешуге аударғым келеді. Әкімдіктер мектеп асханаларындағы тамақтану сапасы мен балаларды тасымалдаудан бастап, оқушыларды дамыту мен оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуі қажет.


30 жылда мұғалімдердің  жалақысы  150 пайызға  өсті.  Бұл-үлкен жетістік. Мәртебесі айқындалды. Біліктілікті  арттыруға мән берілді.   Жаңа білім ғимараттары бой көтерді. Оқушылардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуының мүмкіндігі кеңейді.  Мұның барлығы-тәуелсіздіктің жемісі.

Ләззат УРДАБАЕВА,  АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ағымдағы жылы 4790 орындық 15 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, Тәуелсіздік кезеңінде 153 жаңа мектеп, оның ішінде 102 – сі ауылдық жерлерде іске қосылғанын атап өткім келеді.


Қазір облыста төрт жүзден астам мектеп бар, онда 160 мыңға жуық  жеткіншек білім алып жатыр. Халық көбейген сайын жаңа білім беру нысандарына деген қажеттілік те артуда. Соңғы 5 жылда  өңірде 53 жаңа мектеп пайдалануға берілген.

Ғ. Өтемісов