Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Павлодарда әскерден қашқан екі жігіт 3 қабаттан секіріп кетті

Павлодарда әскерден қашқан екі жігіт 3 қабаттан секіріп кетті

Павлодарда әскерден қашқан екі жігіт 3 қабаттан секіріп кетті. Абырой болғанда, екеуі де дін аман. Олардың бұл әрекеті сол маңдағы тұрғын үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада олардың үшінші қабаттың терезесінен секіргені анық көрінеді. Біріншісі секіріп түскен қалпы қаша жөнелсе, екіншісі орнынан тұра алмай қалған.  Оның аяғы сынып, ауруханаға жеткізілген. Ал қашып кеткен жігітті аймақтың тәртіп сақшылары 2 күннен бері іздеп жатыр.

Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Әскерге шақырылушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 387 бабы, 1 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта екінші шақырылушыны  ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.


Бұл оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі ақпарат таратты. Әскер қатарына шақырылған жастар 2 мамыр күні әскерге шақырылушыларды жинауға арналған казарманың  терезесінен қашып кетпек болған. Ал не үшін әскерден қашпақ болғаны құзырлыларға белгісіз. Бұл туралы министрлік өкілдері тіс жармады. Ал қашып кеткен Рүстем Назымбеков кәсіби аяқ доп шебері болып шықты. Ол "Ақсу", "Екібастұз" командаларында, тіпті "Қайрат" командасының  жастар сапында да өнер көрсеткені белгілі болды.  

ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ:

1998 жылы туған Кұлниязов Мұхамедкәрім Қайратұлы мен 2001 жыл туған Назымбеков Рүстем Русланұлы  Павлодар облысынан мерзімді әкери борышын өтеуге шақырылды. Заң бойынша  олар әскери қызметтен босатуға жатпайды. Әскерден қашқандарға 1000 АЕК айыппұл төлеу немесе 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, не болмаса 1 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазалары қарастырылған.  

Ө. Қуанар