Солтүстік Қазақстан облысының Желяково ауылында 6 үй мен 2 қора-қопсы өртеніп кетті. Біршама мал қырылып қалды. Абырой болғанда, адамдар аман. Тілсіз жау қалай тұтанды? Өртенген үйлердің шығынын кім өтейді? Баспанасыз қалғандардың жағдайы қалай? Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин, оқиға орнына барып, мәселенің жай-жапсарын біліп келді.
Ойламаған сәтте баспанасынан айрылғандардың бірі -Любовь Глазовская. Сыртта өз жұмыстарымен жүріп, үйіне келгенде от шарпыған мекенін көріп, не істерін білмей, ішке ұмтылады. Абырой болғанда,аман есен құжаттарды алып шығып үлгерген.
Любовь ГЛАЗОВСКАЯ, ЖЕЛЯКОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үйдің өртеніп жатқанын көріп балам екеуіміз үйге кіріп кеттік. Мен сөйлей алмай, абыржып қалдым. Кейін есімді жинап, барлық құжаттарды алып шықтым. Әйнек арқылы секіріп шықтық. Үйіміз ағаштан салынған еді. 5 минуттың ішінде жанып кетті.
Владимир Зебольдт та күл талқаны шыққан үйін айналшықтап жүр. Шығынды есептеуде. Тілсіз жау шарпыған сәтте ол қорадағы техникасын құтқаруға тырысқан. Бірақ үйдегі дүние-мүлік пен қорадағы малын аман алып қала алмады.
Владимир ЗЕБОЛЬДТ, ЖЕЛЯКОВО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен үйімде ұйықтап жатқанмын. Көршілерім оятып, көршілердің өртеніп жатқанын айтты. Мен екі трактор мен жеңіл көлігімді айдап алып кеткенше, үйім түгел өртеніп кетті. Әйелім қалаға кеткен еді, ал балам жұмыста болды. Құжат, қаражат, төрт шошқа мен тауықтарымнан айырылып қалдым.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Тұрғындар өрттің ауыл шетінде қурап қалған шөптен шыққанын айтады. Желдің екпінді болғаны сонша, жүз метр қашықтықтан шыққан жалын тілі бірнеше секундтың ішінде үйлерді орап алған. Ал тағы шамамен жиырма минуттан кейін алты баспана бүтіндей өртеніп кеткен.
Елуге жуық түтіні бар ауылда өрт сөндіру бөлімі жоқ. Ең жақын бекет 30 шақырымда болғандықтан құтқарушылар оқиға орнына жарты сағаттан соң бір-ақ жеткен. Оған дейін 6 үй мен екі қора отқа оранды. Төтенше жағдай мамандары келе сала өртті ауыздықтап, жалынды өзге нысандарға жеткізбеді.
Аслан АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БОЙЫНША ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
От жалыны жалпы 950 шаршы метрді шарпыды. Оқиға орнында 15 бірлік техника мен 50 құтқарушы жұмылдырылды. Адам шығыны жоқ. Тек жануарлар ғана жапа шекті. Бұның ішінде 1 сиыр, 4 шошқа мен 40 шақты құс бар. Жалпы, аталған өрт 8,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірді.
Өрт шалған үйлердің үшеуінде ғана адамдардың тұратыны анықталды. Соның біріндегі зейнеткер қарттар үйіне орналастырылды. Ал қалған екі отбасы ауылдағы бос тұрған үйлерге уақытша қоныстандырылды.
Жанат СӘДУАҚАСОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Өрттен жапа шеккендерге 100 АЕК көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Одан бөлек, тұрғындар құрылыс материалдарымен қамтылады. Құжаттарды тез рәсімдеу жағынан да есептесеміз.
Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Полиция іске қатысты тергеуді бастады.
А. Құрманкин