Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Вакцина салдырса да екі апта карантинге жатады, - А.Цой

AstanaTV
04.05.2021ж. 20:00
1560
Вакцина салдырса да екі апта карантинге жатады, - А.Цой

Вакцина салдырса да, салдырмаса да 14 күн карантинге жатқызылады. Үндістаннан келетін барлық адамға осындай талап қойылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Қазақстан үкіметі коронавирустың қауіпті түрінен қорғану үшін қандай шектеулер енгізбек? Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысында тағы не өзгерді? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтсын.

Үндістанда Covid-19-ды тәулігіне 400 мыңға дейін адам жұқтырады. Күн сайын 3 мыңдай тұрғын індеттен көз жұматын көрінеді. Ел билігі мұны жаңа штаммен байланыстырып отыр. Қазақстан үкіметі де қауіпті дерттің алдын алу үшін қосымша шектеулер енгізді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазақстан Республикасына, үшінші ел арқылы келетін және соңғы 14 күн ішінде Үндістанға барған адамдарда карантинге жабылады. Жолаушыда ПТР сынамасының теріс нәтижесі, COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғанына қармастан үйде 14 күнге оқшауланады.

Сарапшылар бұл шешімді дұрыс дейді. Өйткені, вакцина вирустан толық қорғай алмайды. Ал, ПТР сынамасы инкубациялық кезеңде теріс болып шығуы әбден мүмкін.

Манар СМАҒҰЛ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ м.а.:

Пандемияның басында біз барлық шетелден келгендерден ПТР алып, 14 күн карантинге жатқыздық. Оқшаулаудан шығарда да олар ПТР тапсырады. Бұл тәсіл әлі де қолданылады. Себебі, ол карантинде де вирус жұқтырып алуы ықтимал.

Қазіргі таңда Қазақстанда мыңдаған үндістандық студенттер бар. Ол жағдайдың ушығуына байланысты жақындарына бара алмай отыр. Солардың бірі - елордадағы медициналық университеттің 4-курс студенті Файзан Ашраф.

Файзан АШРАФ, СТУДЕНТ:

Үндістандағы жағдайды есту мен үшін өте ауыр. Дәрі-дәрмек пен медицина қызметкерлері жетіспейді. Мен болашақ дәрігер ретінде елге оралып, жерлестеріме көмектескім келеді. Бірақ әзірге менде ондай мүмкіндік жоқ.

Айтпақшы, елде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың саны 1 жарым миллионға жуықтады. Вакцинацияның толық курсын аяқтаған тұрғындарға біршама жеңілдік қарастырылған. Екпе салдырған адам демалыстан немесе іс-сапардан оралса, ПТР сынамасын тапсырмай-ақ жұмысқа кірісе алады.

Алексей ЦОЙ,  ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

COVID-19 расталған науқаспен байланыста болған адам карантинге жатқызылмайды. Бірақ ол медициналық бақылауда болады. Ал, кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге жіберілмейді.

Республика бойынша инфекциялық ауруханалардың төсек жүктемесі 42 пайызды құрайды. Ал, Нұр-Сұлтандағы жұқпалы ауруларды емдейтін мекемелерінің жартысынан көбі бос емес. Ал, жансақтау бөлімінде тек 40 орын ғана қалған. Бүгінде кеселден ел аумағында 44 мыңнан астам науқас емделіп жатыр. Оның 770-нің жағдайы ауыр.

Өңірлердегі эпид. жағдайды бағалау матрицасына сай: 9 облыс "қызыл", 5  "сары", қалған үш аймақ "жасыл" белдеуде.

Сондай-ақ бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, карантин шаралары жеңілдейді. Бұдан бұлай базарлар жексенбі күні ашық болады. Ал, мешіттерде жамағатпен жұма намазын оқуға рұқсат берілді.

А. Данияр