Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ауғанстандағы теракт құрбандарының жақындары билікке шүйлікті

AstanaTV
11.05.2021ж. 20:00
1365
Ауғанстандағы теракт құрбандарының жақындары билікке шүйлікті

Ауғанстанда болған теракттен 84 адам зардап  шекті. Рейтерстің мәліметінше, қаза болған  оқушы қыздардың барлығы- 11-15 жас  шамасында. Алдымен Кабулдегі қыздар мектебінде қатарынан бірнеше жойқын жарылыс болып, 68 адам қаза тапқан еді. Бұл қайғылы оқиғадан кейін Логар провинциясында да теракт салдарынан 16 бала көз жұмды. Қазір  жарақат алған 160-қа жуық адам ауруханаларда ем алып жатыр. Теракттің құрбаны болғандардың жақындары үкіметті «ислам республикасындағы зорлық-зомбылықты тоқтата алмады», деп айыптап отыр. Олардың пікірінше, дәл осы шенеуніктердің әрекеті тәліптердің белсенділігін тудырған. Сондықтан, бұл топтың мүшелерін  жарылысқа қатысы бар деп кінәлауда.

Тахира ХАССАНИ, ОҚУШЫ:

Біз достарымызбен қоштасып, үйімізге қарай бет алдық. Алысқа кетіп үлгермей, қатты дүмпу естілді. Санаулы секундтардың ішінде мен өрттің ортасында қалдым. Тұла бойым, киімім қанға оранды. Денсаулығым жақсарған соң, оқуымды ары қарай жалғастырамын. Осы жарылысты ұйымдастырғандардың әрекеті әділетсіз.  

Жойқын жарылыстар америкалық әскерлер мен олардың НАТО-дағы одақтастарының Ауғанстаннан шығарылуы кезінде жұртты естен тандырды. Жалпы  ауған жерінен әскери күшті әкету 2021-жылдың 11-қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланған.
Ал, «тәліптер» бұл шабуылдарға қатысы жоқ екенін айтады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан президенті Ашраф Ганиге көңіл айту жеделхатын жолдап,  террористік шабуылдардың салдарынан көптеген адамның, әсіресе, бейкүнә балалардың қаза тапқаны туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабыл алғанын айтты. "Еліңіздің және бүкіл халықаралық қауымдастықтың осы жантүршігерлік қылмысты батыл айыптауына қосыламын" деді. Қазақстан халқы осынау қиын-қыстау сәтте ауған жұртымен  бірге екенін жеткізді.

Л. Қуанышқызы