$494.87 €520.65 ₽4.91
×

СҚО тұрғыны аңшы мылтығымен әйелін атып өлтіріп, немересін жарақаттаған

AstanaTV
12.05.2021ж. 20:00
4425
СҚО тұрғыны аңшы мылтығымен әйелін атып өлтіріп, немересін жарақаттаған

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны өзінің әйелін мылтықпен атып, өлтірген. Артынша немересіне де оқ атқан. Қазір 14 жастағы қыз бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Көршілері болған жайтқан сенер емес. Өйткені айрандай ұйыған отбасының бұрын ерсі қылығын көрмегендерін айтады. Толығырақ қанды оқиға болған ауылға барып қайтқан аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің репортажында.

Жаға ұстатарлық қанды оқиға Тимиряз ауданында, мамырдың 10 күні болған. Көршілердің айтуынша, бұған дейін ерлі-зайыптылар өзара ұрысып қалған. 58 жастағы отанасы қызының үйін уақытша паналапты. Артынша қызының үйіне ішімдік ішкен әкесі де келген. Ізінше қайтадан жанжал туындап, ер адам жұбайы мен немересіне мылтық кезеген. Ауыр жарақат алған әйелі оқиға орнында қайтыс болды.

Анна ЯЦИНО, ТИМИРЯЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мамырдың тоғызы күні отағасының туған күні болды. Ал келесі күні әйелінің туған күні. Жанжал сол күні туындады. Үйде айғай-шу пайда болған кезде қызы үйінен шығып кеткен. Кейін қайтып оралған кезде оққа ұшыраған шешесін көрген. Отағасы оны да атып тастағысы келіпті. Бірақ ол қашып үлгерген. Кейін полицейлерді шақыртқан.

Көршілерінің айтуынша қаскөй ішімдікке салынбаған. Ол ауылда 20 жыл бұрын жеке кәсіп ашып, фотограф болып қызмет көрсетіп келген. Еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген. Ал ара-тұра аңшылыққа шығып отырған екен.

Елена ХОМЯКОВА, ТИМИРЯЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жақсы отбасы болған еді. Ер адам басқа көшеде тұрады. Оның ішіп, қуғанын көрген жоқпыз. Басқа кісілер сияқты арақты тек мерекелерде ғана ішетін. Бұл жолы неге бүйткені белгісіз. Мұндайды күтпеген едік. Жалпы, бұл жердің ер адамдары аңшылықпен айналысады. Қысты күні кейде орманға шығып отырады.

Отбасын қырмақшы болған адамды полицейлер бірден құрықтады. Тәртіп сақшылары оны уақытша ұстау абақтысына отырғызып, жағдайдың анық-қанығын білуге кірісіп кетті.

Талғат КЕНЖЕТАЕВ, СҚО ПД ТИМИРЯЗ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Хабарлама бізге сағат 17-15-те келіп түсті. Оқиға орнына барған кезде, есік алдында 58 жастағы әйел адамның мәйітін таптық. Ер адамның ішімдік ішкені анықталды. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодексінің 99 бабы бірінші бөлімі – адам өлтіру және екінші бөлімі өлтіруге қам қылуға сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Қазір қаскөйдің 14 жастағы жиені облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Иығы мен бас сүйегі жараланған. Дәгірелер оның жағдайы ауыр дейді.  10 жыл отасқан күйеуінің қолынан қаза болған отанасын, бүгін ағайын туыстары жер қойнына тапсырды.

А. Құрманкин