Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Павлодарда апатты үйлердің тұрғындары шу шығарды

AstanaTV
13.05.2021ж. 20:00
1918
Павлодарда апатты үйлердің тұрғындары шу шығарды

Павлодарда апатты үй тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, биыл сүрілуге тиіс баспаналар кейінге шегірілген. Ал онда тұрып жатқан мыңға жуық адам, үйінді астында қаламыз ба - деп қорқады. Өйткені, салынғанына 70 жылдан асқан ағаш үйлер құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бұқараның жан-айқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Айнаш Арқаеваның осылай күнелтіп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Қыстың күні пеш жағып, даладан су тасиды. Ал дәретхананың жағдайы тіптен қиын. Мәселесін айтып, бармаған жері қалмаған. Бірақ нәтижесін көре алар емес.   

Айнаш АРҚАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жылда обещает. Міне, ендігі жылы тосыңдар. Міне, ендігі жылы келеміз. Міне, биыл. Енді 2025 жылға қалдырыпты. Оған мына үй шыдай ма, біз шыдасақта мына үй шыдай ма? Шыдамайды мына үйлер. Мына үйлерде пока біреу өлмейінше, бұлай қозғалатын ешкім жоқ ғой деймін.
 

Өркениеттен ада қалған үйді мекен еткен Күләш Бектұрғанованың жағдайы, тіптен, ауыр.  I топ мүгедек өздігінен жүріп тұра алмайды. Ал жарымжан кісіге даладағы әжетханаға бару қыямет-қайымға айналған.

Күләш БЕКТҰРҒАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Туалет далада. Оған мен бара алмаймын. Коляскамен жүре алмаймын. Апарғанның өзінде оған кіріп отыра алмаймын. Аяғыммен тұра алмаймын да, жүре алмаймын да.

Екі қабатты ағаш үйлер өткен ғасырдың 50 жылдары бой көтерген. Басында бұл баспаналарды зауыт қызметкерлеріне уақытша тұру үшін салынған. Кейін үйсіз жүргендер сатып алып, тұрақты мекенге айналдырған.

Гауһар КӘРІБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ішінде түгел тозығы жеткен. Стенкалар түгел үлбіреп құлап жатыр. Полдың астындағы фундамент жан-жағынан құлап жатыр. Не дай бог, Құдай сақтасын! қатты бір жел болса, иногда ойлаймыз. құлап ішіне түсіп кетеміз деп ойлаймыз астына.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Үйдің тозығы жеткені соншалықты мына пәтердің төбесі опырылып түскен. Ал мында болған өрттен 22 жастағы жігіт мерт болыпты.

Бұқара базынасын айтып әкімдіктің табалдырығын тоздырғанмен, олардан қайыр болмаған. Қала әкімдігінің бізге берген жауабы да қуантпады. Өйткені дәл қазір оларға беретін баспана жоқ деді.   

Жансерік ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:


Ескі үйлерді кезең-кезеңімен бұзу бұл "Сарыарқа" және "Достық" шағын аудандарындағы тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілгеннен кейін жалғастырылатын болады. Сонымен қатар «Затон» шағын ауданындағы ескі үйлерді бұзу және аталмыш учаскелерде тұрғын үй салу жобасы жеке инвесторларға да ұсынылды. Қазіргі уақытта жобаларды әлеуетті инвесторлар қарастыруда.

Жалпы Павлодар қаласында апатты деп танылған осындай 44 үй бар. Барлығы да сүрілуді қажет етеді. Алайда, жергілікті билік бұл үйлерді бұзуға асықпайтын секілді. Тұрғындардың әлі қанша жыл қорқынышпен өмір сүрері де белгісіз. Ал оған дейін бұл баспаналардың құлап кетпесіне ешкім кепілдік бермеді.

Ө. Қуанар