Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елордада заңсыз сақталған 14 қару тәркіленді

AstanaTV
19.05.2021ж. 20:00
1806
Елордада заңсыз сақталған 14 қару тәркіленді

Елордада бірнеше күнде заңсыз сақталған 14 қару тәркіленді. Құқық бұзушылардың саны әлі де артуы мүмкін. Бұл туралы «Қару» жедел профилактикалық тексеруі кезінде белгілі болды. Заңбұзушылықтың басым бөлігі қаруды қайта тіркемеу, оны сақтау мен алып жүру ережелерін бұзумен байланысты. Қылмыстың алдын-алуға байланысты жүргізілген рейдтке әріптесім Ғалымжан Өтемісов қатысып қайтты.

Иә, тәртіп сақшылары тізімді ала салып, қару иелерін тексеруге кірісіп кетті. Бұл науқан бір айға созылмақ. Себебі, бас шаһардың өзінде 15 мыңнан астам азамат суық қарумен қаруланған. Көбі аңшылық немесе өзін-өзі қорғау мақсатында пайдаланатын көрінеді.  

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Егер қару иемденгіңіз келсе ІІМ бекіткен талаптарды сақтауыңыз қажет. Ең алдымен қару сақтайтын арнайы сейфтің болуы шарт және ол сигнализациямен қамтылуы тиіс.

Бұдан бөлек, аңшылық құжаты мен қарудың тіркелгені жайлы рұқсатнама болуы шарт. Құқықорғаушылардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда қару сақтаудың талаптары күшейген. Ал талаптар сақталмаған жағдайда қаруыңыз тәркіленіп, айыппұл төлеуіңіз бек мүмкін. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы ғажап емес.

Тексеріс басталғалы санаулы күннің өзінде айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталды. Полицейлер тексеру жұмыстарының соңына дейін бұл көрсеткіш едәуір артатынына сенімді.

Арман АЙТМАҒАНБЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ПОЛКОВНИГІ:

Бір күннің өзінде 400-ден астам қару иелерін тексердік. Аса бір аса қауіпті заңбұзушылықтар орын алмаған. Алайда тіркелмеген және қаруды заңсыз сақтап келген азаматтардың бары анықталды. Оларға 15 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салынды. Бір күдіктіге қатысты қылмыстық тергеу басталды.

«Қару» жедел тексеру операциясы қылмыс пен террорлық әрекеттердің алдын-алуға бағытталған. Департамент өкілдері азаматтардан тіркелмеген немесе заңсыз сақталған қару-жарақты өткізуін сұрайды. Ол үшін арнайы сыйақы  да қарастырылған.

Ғ.Өтемісов