$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда ауада тараған күкіртсутегінің иісін кетіру үшін 1.5 миллиард теңге қажет

AstanaTV
19.05.2021ж. 20:00
1906
Қызылжарда ауада тараған күкіртсутегінің иісін кетіру үшін 1.5 миллиард теңге қажет

Қызылжарда ауада тараған күкіртсутегінің иісін кетіру үшін 1 жарым миллиард теңге қажет. Бұл туралы  бүгін құзырлы орган өкілдері арнайы жиында айтты. Соңғы күндері Петропавл ішінде жағымсыз иіс тарап, тұрғындардан көп шағым түскен болатын. Ал казгидромет мамандары ауаның құрамында күкіртсутегінің үлесі тым шарықтап кеткенін мәлімдеді.  Мәселе енді қалай шешіледі?  Абзал Құрманкин  айтады.

Петропавл тұрғыны Ольга Муканова тыныс демікпесі ауруына  шалдыққан. Сондықтан ол үшін  ауаның тазалығы   өте маңызды. Жағымсыз иіс   денсаулығына бірден кері әсер ететін көрінеді.  

Ольга МУКАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Күкіртсутегінің иісінен  әлсіреп қалдым. Бірнеше күн төсек тартып жаттым. Еш   жерім ауырып тұрған жоқ. Бірақ денемде күш жоқ. Иістен тығылатын жер жоқ. Қайда барсаң да жаман иістен тұншығасың.

Казгидромет өкілдерінің айтуынша, ауа құрамында күкіртсутегінің құрамы күрт өскен. Нормаға сәйкес, бір текше метрде аталмыш  газдың үлесі 8 милиграмнан аспауы тиіс. Алайда, соңғы бірнеше күнде көрсеткіш он есе шарықтаған. Сала мамандары жағымсыз иістің кәріз жүйесінен шығып жатқанын айтады. Қалалық су арнасы кәріздік станцияны жаңғыртуды  2005 жылы бастаған. Бірақ бірнеше кезеңнен тұратын   жұмысты   аяқтау үшін  әлі 1 жарым миллиард теңге қажет.

Ербол НӘБИЕВ, «ҚЫЗЫЛЖАР СУ» ЖШС КӘРІЗ ЖҮЙЕСІН ТАЗАРТУ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ КЕШЕНІНІҢ БАСШЫСЫ:


Қаладағы барлық кәріз суы арнайы тоғандарға жиналады. 2005 жылдан бері оған кәріз сулары тазартылмай ағып жатыр. Ол жерде қалдық бүлініп, зиянды газ бөлінеді. Ол газ көктемде мұз еріген уақытта  ауаға тарайды. Қазір біз нысанды  жаңғырту жұмыстарының  60 пайызын аяқтадық.  Енді  соңғы кезеңді  бітіру үшін қосымша қаражат қажет. Қазір жобаға өзгерістер енгізіліп жатыр.
 

Мәселені шешудің басқа да жолдары қарастырылып жатыр.   Кәріз суы жиналған сасық көлге арнайы балдырлар жіберу керек дейді мамандар.  

Асхат МӘПЕНОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Экология департаменті мәселеден хабардар. Біз Қызылжар су мен әкімдікке бұл проблема жайында сан рет хат жаздық. Енді олар хлорелланы жіберейін деп жатыр. Бұл су өсімдіктері газдың ауаға тарауын әжептәуір бөгейді. Оның тиімділігін ұлттық зерттеу орталығы дәлелдеген. Бұған елу миллион теңге қажет. Қазір қаражатты бөлу мәселесі қаралып жатыр.

Жағымсыз иістен құтылудың жолы осы. Бірақ қалалық әкімдік әзірге қаражат бөлу туралы   ақпарат жариялаған жоқ.

А. Құрманкин