Бүгін қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының айтуынша, мақсат шекараны қорғау әдістерін жетілдіру ғана емес, экономикалық, ақпараттық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды да дамыту қажет.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Шекараны қауіп-қатердің барлық түрлерінен сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылымы үндестіріліп, бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек.
Елбасы көршілермен берік достық қарым-қатынаста, державалармен жақсы әріптестікте болсақ та, мықты әскер – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, жиында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы талқыланды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие болып отыр. Біздің Қарулы Күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта әскерді дамытуды жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс.
Ә. Өмірзақ