Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Доха кездесуінде ірі мұнай өндіруші елдер келісімге келе алмады

AstanaTV
18.04.2016ж. 20:00
1924
Доха кездесуінде ірі мұнай өндіруші елдер келісімге келе алмады

Доха кездесуі сәтсіз аяқталды. Катар астанасында бас қосқан мұнай өндіруші алпауыттар "қара алтын" өндірісін азайту бойынша келісімге келе алмады. 13 сағат бойы мұнай өндіру жайын талқылаған тараптар ақыры ортақ мәміле жасай алмай тарқасты. Жиынға ОПЕК-ке мүше елдермен қоса, ұйымға мүше емес бірқатар мемлекеттердің өкілдері де қатысқан еді. Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Венесуэла, Алжир сияқты ірі өндірушілермен қоса, Дохада қазақстандық делегация да болды.

Әлемде мұнай өндірісінің көлемі азаймайтын болды. ОПЕК алпауыттары бір-біріне дес бермеді. Есесіне қара алтын құны бірден 7 пайызға кеміп кетті. Мұнымен бірге, энергоресурстарға тәуелді елдердің "баға саясаты тұрақтанады-ау" деген үміті желге ұшты. Иран Катарға келмейтінін ресми түрде ескерткен. Ал Сауд Арабиясы ОПЕК-ке мүше елдердің қатысуынсыз, құжаттарға қол қоюдан бас тартты. Осылайша құжатқа Тегеран қол қоймайынша, Эр Риядтың да оны қолына алмайтыны белгілі болды. Ал Иран мұнай өндірісі көлемін санкциялық кезеңге дейін көтеріп алмайынша тынбайтын тәрізді. 

Мұхаммед ибн Салех Әл Сада, Катардың энергетика және өнеркәсіп министрі:

Егер Иран сияқты ОПЕК-ке мүше ірі елдер мен мүше емес мемлекеттер келісімге қосылса, мұнайдың көлемін белгілі бір деңгейде ұстап тұру келіссөздері тиімдірек өтер еді. Бұл нарықты тұрақтандыруға септігін тигізер еді.

Қазақстандық делегацияны Дохаға энергетика министрі бастап барды. Кей сарапшылар Қазақстанның келісімдерге қосылмай, тек бақылаушы ел ретінде отырғаны дұрыс деген пікір білдірді.

Александр Князев, саясаттанушы:

Әлемдік нарықтағы ірі өндіруші болмағандықтан, Қазақстанның бұл үдеріске қатыспағаны жөн. Шеттен байқап отырып, елге тиімді болған жағдайда ғана араласуына болады. Егер мұнай өндірісі төмендесе де, бұл бағаға әсер ететін басты фактор емес. 

Бұл келіссөздердің кері әсері Ресейге көбірек тигендей әсер қалдырғаны рас. Өйткені Эр Риядпен жүргізілген бір апталық келіссөздерден соң, Мәскеу нақты шешімдер күткен еді.

Александр Новак, Ресей энергетика министрі:

"ОПЕК мүшелерінің ортақ келісімге келе алмауына себепкер болған Иран емес. Кездесуге қатыспаған ел өзгелердің ортақ шешімге келе алмауына қалайша себепкер болады? Бұл жерде Сауд Арабиясының жиынға мұнай өндіруші елдердің барлығы қатыссын деген позициясы әсер етті. Келісімнің талаптарына қатысты әр түрлі көзқарастар туындап, соның салдарынан күткендегідей нәтиже болмады."

Осылай деген Ресей энергетика министрі Мәскеудің мұнай өндірісін төмендетуге асығып отырмағанын аңғартты. Оның айтуынша, мұнай өндірісін мемлекет емес, жаһандық нарық реттейді. ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің келесі кездесуі маусым айына белгіленді. Бірақ ол кезде де бір-біріне дес бермей отырған өндірушілер ортақ уағдаластыққа келеді дегенге кепілдік жоқ. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ