Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстан билігі Мьянмадағы жағдайға алаңдаушылық білдіреді

AstanaTV
04.09.2017ж. 20:00
2745
Қазақстан билігі Мьянмадағы жағдайға алаңдаушылық білдіреді

Қазақстан билігі Мьянмадағы жағдайға алаңдаушылық білдіреді. Мұны Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты. Қазақстан БҰҰ тұрақты емес мүшесі бола отырып, бұл мәселені бұған дейін де көтеріп,  халықаралық ұйымдардың араласуын сұраған. Осылай деген министр, Мьянма билігін елдегі жағдайды реттеуге шақырды. 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Біз Мьянмада мұсылмандармен болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Мьянмада исламофобияның жағымсыз үрдісін байқап отырмыз. Осыған байланысты біз үшін Ислам ынтымақтастығы сияқты ұйымдардың осы жағдайға барынша белсенді атсалысуы өте маңызды. Біз Мьянма билігін халықаралық құрылымдармен белсенді қызмет етуге шақырып отырмыз.

Ал сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянмадағы ушыққан мәселеге БҰҰ араласуы керек деп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

БҰҰ Мьянмада болып жатқан оқиғаларға өз тура көзқарасын білдіру қажет. Соншама көп жазықсыз мұсылмандар қатыгез қуғын-сүргіннен өліп жатыр.

Мьянмада үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасындағы қақтығыс ушығып, 400 адам өлтірілгені хабарланды. Осылайша соңғы бір айда 3 мыңнан аса рохинджа ұлтының адамы қайтыс болған. Буддизмді ұстанатын ел билігі оларды террорлық ұйым басқаратын содырлар және өзге жақтан ауып келген босқандар ретінде санайды. Алайда, рохинджа халқы, өздерін осы елдің байырғы тұрғындарымыз, дейді. Мьянма билігі оларға азаматтық бермей, дау осы кезде ушыққан. Ракхайн штатында шоғырланған ұлт тәуелсіздік алуды қалайды. Қазір билік күшінен әбден зәбір көрген халық босып жатыр. Ешбір ел оларды шекарасынан өткізуге құлық танытпай отыр. Ал Мьянма не журналистерді, не халықаралық ұйым өкілдерін елге кіргізбей жатыр. Елдегі сұмдық жағдайды Түркия мен Шешенстан президенті "мұсылмандар геноциді" деп атады.