$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбылдықтар жайылымға таласып жатыр

AstanaTV
21.05.2021ж. 20:00
2872
Жамбылдықтар жайылымға таласып жатыр

Ал Жамбылдықтар жайылымға таласып жатыр.  Талас ауданында бір кәсіпкер Саду Шәкіров ауыл маңын егістік алқабына айналдырып жіберген. Кесірінен тұрғандар  малды өріске шығара алмай қорада қамап ұстауға мәжбүр. Кәсіпкер ол жерді жалға алдым дейді. Соған сүйеніп, меншігіндегі  аумаққа  мал кірмесін деп  ор қазып, қоршаған. Ал түлігін өріске шығара алмай ашынған жұрт  бұл жағдайға жергілікті билікті  кінәлайды. Тараптарды тыңдаған тілшіміз Берік Жұмабайұлының бейнематериалы.
 
Берік ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

Үш жүзге жуық түтін тұратын мынау Саду Шәкіров ауылының тұрғындары төрт түлігін аулада бағудан басқа амалымыз қалмады дейді. Себебі, ауыл іргесіндегі 200 гектар жерге бір кәсіпкер айналдыра арпа егіп тастаған. Оны малдан қорғау үшін ор қазып қоршау істей бастапты. Оны байқаған тұрғындар дер кезінде тоқтатыпты. Алайда, оның өзінде кәсіпкер бір шақырым жерді мынадай қылып қазып тастаған.

   
Адам бойынан асатын шұңқырға түскен   жан шыға алмайды.  Тұрғындар енді осыған малымыз түсіп кетіп, шығынға батамыз ба деп қорқып отыр.  Ашуға булыққан ауыл жұрты әкімдіктің алдына жиналып шу шығарды.
    
Талғат ИМАНБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Іргемізге дейін сызып алды. Енді осы ауылдың малын қойдым, сиырын қойдым жаман лақ, қозы жайылатын жер қалған жоқ бізде. Біз сонда не істеуіміз керек. Мына ауыл су іше алмай отырмыз біз. Құмның арасына барды да арпа егіп қойды. Елдің жылқысы барып орға түсіп жатыр. Біздің күзде қыста жейтін малымыздың жайылымын түгел жыртып тастады 4 трактормен.


Дүйсенбай САУЫТБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Мал шығаратын жер таппай отырмыз ауылдың іргесіне дейін кәсіпкерлерге берілген, карта бойынша белгілеп қойған. Біз оған ештеңе істей алмаймыз. Аудан әкімі облыс әкіміне жеткізіп,осы мәселені халықты шулатпай бүгінге дейін шешіп беруге жағдай болса, біз тура осы секілді тұрмас едік. Дұрыс па? Осы мәселе қашанға дейін кете береді. Халықты қашанға дейін қыса береді.


Аудан атқа мінерлері мәселеден хабардар.  Бірақ қолдан келер шара жоқ дейді. Себебі, заңға сай жер иесі не істесе де өз еркінде. Жеке кәсіпкердің меншігінде қазір 5 мың гектар жер бар. Оның екі жүз гектардан астамы- суармалы аумақ.   Бұл жер телімдерін кәсіпкер  2004 жылы жалға алса да, 15 жылдан кейін ғана игере бастаған. Ал, заң бойынша жер екі жыл ішінде игерілмесе, мемлекет оны қайтарып алады. Бірақ бұл аумақтардың  кері қайтарылмауы түсініксіз жайт, дейді тұрғындар.
   
 Төрехан ҚОЙЛЫБАЕВ, ТАЛАС АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Ол уақытта біздер енді жұмыс істеген жоқпыз. Енді ол уақытта жер қатынастары 2018 де, мен 2019 да июньде келдім жұмысқа. Мысалы егістік жерді ауылдан мынанша метр мынанша километр деген жоқ. Ол егістік жерлер ауылдың шарбақтың түбінен басталып ақ кезінде игеріліп жатты. Ол сол егістік жер. Ол жерді сөйтіп қоршап алады ма игеру керек.


Жер иесі болса өз ісін дұрыс санайды.  Тұрғындардың шағымы  орынсыз дейді.

Нариман МАУЛЕНОВ, КӘСІПКЕР:


Жұрттың айтып жатқан арызы орынсыз. Бұл жер суармалы жер. Оны суару керек оны маған тиімді пайдалану керек. Суармалы жер ешқашан қайтпайды. Біз пәленбай жыл бойы игермегеннен кейін елдер онда малын жайған, үйреніп қалған. Біз енді соны есімізді жиып алып, егіндік жерге пайдаланайын десек халық шулап жатыр.

Бұл даудың жуық арада шешілер түрі жоқ. Себебі, екі тарап тіл табыса алар емес.  Ал жергілікті  әкімдік  оларды татуластырып, бір мәмілеге келтіруді көздейді.

Б.Жұмабайұлы