$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Ақтөбеде бейітті пайдалану құқығын уақытша иеленгендер жерлеу құнын шарықтатып жіберген

AstanaTV
04.09.2017ж. 20:00
3551
Ақтөбеде бейітті пайдалану құқығын уақытша иеленгендер жерлеу құнын шарықтатып жіберген

Өлген адамды жерлеу құны - 105 мың теңге. Оған жердің ақысы, қабір қазу мен көму қызметі кіреді. Бүгін Ақтөбе іргесіндегі Қурайлы ауылының халқы бұған наразылық білдірді. Жақсыбек Кемал тарқатады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жерде екі дін өкілдерінің қорымы қатар орналасқан. Алайда, екеуіне ортақ мәселе біреу. Бұдан біршама уақыт бұрын ауыл тұрғындары үшін беймәлім біреулер жерлеу рәсімін өткізу құқығын тендер арқылы ұтып алған. Енді олар  қайтыс болған адамды қою үшін 105 мың теңгеден сұрап отыр. Алайда, тұрғындар онымен келіспейді.

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында 6 мың шамасында тұрғын бар. Мұндағы мұсылман қорымы 13 жыл бұрын ашылған. Алайда қазірдің өзінде толуға жақын. Сондықтан аумағы кеңейтіліпті. Бұған дейін тұрғындар аумағын қоршап, басына күзетші қойғандарын айтады. Оның қызметі мен қорым аумағын күтіп ұстау үшін, жерлеу рәсімін өткізетін әр отбасыдан 5 мың теңгеден ғана алған. Одан бөлек қаралы үй қабір қазушыларға 20-25 мың теңге ғана төлеп келіпті.

Мәриям Хайруллина, Қурайлы ауылының тұрғыны:

Қарсымыз біздер бұған. Жерді бизнес қылған не масқара?! Далаға көме ме? Аулаға көмеміз енді, огород екпесек те! Огородтың жері бар, енді балаларымызға соны айтамыз.

Тұрғындар бұған дейін де наразылық білдіріп, мың жарым адамның қолын жинаған. Одан бері бір айға жуық уақыт өткенмен, жергілікті әкімдіктен жауап жоқ деп налиды.

Тұрақ Жанасаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

2 мың теңге таба алмайды. Маған келіп 5 мың теңге жоқ дейді. Мен 5 мың таба алмағасын, босқа қоя бер деп рұқсат беремін. 5 мың таба алмғасын, 105 мыңды қайдан табады?  Мынаны сатып алғаннан кейін, қолы жеткен ритуальный услугтің адамдары  бәрін қояды да,  мынаны 2-3 айда толтырады. Сосын консервацияға тастайды. Басқа жерден аша ма, ашпай ма? Біздің қоятын бейітіміз болмайды.

Бізге қорымды уақытша пайдалану құқығын иеленген кәсіпкерді тауып, сөйлесу мүмкін болмады. Ал ауыл әкімі орнында жоқ. Бас маманы болса, кәсіпкермен келісімді қайта қарайтындықтарын жеткізді.

Аманбек Шалабаев, Қурайлы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

Ауыл тұрғындарымен жиналыс болды. Сонда наразылықтарын білдірді. Бағасы жөнінде, басқасы жөнінде. Соны қайтадан қарастыруды мойындарына алып кетті. Сосын өздерінің шешімдерін айтады.

Ауылдық округ аумағындағы 7 қорымды жеке компания сенімгерлік бақылау арқылы басқармақ. Дегенмен, тұрғындар пікірімізді әкімдіктегілер ескеріп, оң шешім шығарар деп үміттенеді.

Жақсыбек КЕМАЛ