Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайда кәсіпкерлер атқарған жұмысының ақысын ала алмай жүр

AstanaTV
24.05.2021ж. 20:00
2383
Қостанайда кәсіпкерлер атқарған жұмысының ақысын ала алмай жүр

80 миллион теңгенің сергелдеңі. Қостанайда жиырмаға жуық кәсіпкер атқарған жұмысының ақшасын ала алмай жүр. Тиісті орындарға шағымданып, нәтиже шығара алмаған соң олар біздің арнамызға жүгініп, көмек сұрады. Өңірден-Заңғар Санай.

Ет өңдеу кешені -Тобыл өңіріндегі ең ірі жобалардың бірі. Кешеннің құрылысына «Construction investment enginering group» серіктестігі жауапты.  Бас мердігер қосалқы мердігермен келісім-шарт жасаған. Ал олар тағы 16 жеке кәсіпкер мен 4 серіктестікті жұмысқа тартады. Құрылыс алаңына ондаған арнайы техника мен 150-ге тарта адам  жұмылдырылған. Бақдәулет Жабағиннің бригадасы кешеннің сыртқы жұмыстарын жүргізіпті. .Алайда әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүр.

Бақдәулет ЖАБАҒИН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Өзіміздің жұмыскерлерге айлық беру үшін машинамызды саттық, алатын жерден қарызға алып үйтіп-бүйтіп төлеп болдық әйтеуір. Бірақ енді өзімізге салық төлеу керек. Енді бізге  ақша керек ғой.Біз жұмысымызды атқардық.Біздің ақшамызды беріңдер деп әкімнен көмек сұрадық. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ.

Жеке кәсіпкерлер жұмысшылардың еңбекақысын өз қалтасынан төлеген. Өйткені айлап айлық алмаған олар қарызға батып, қатты қиналған көрінеді.

Виса ПИКАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Олар біздің ақшамызды бергісі келмейді.Бізді құр алақан қалдырмақ. Осы ет комбинаты құрылысында бір қайғылы жағдай болды. Жұмысшы айлап айлық алал алмаған соң, мен былай өмір сұүре алмаймын деп хат жазып, өзіне қол салды.

Станислав СЕМЕНОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Мен келісім-шарт негізінде автокранмен қызмет көрсеттім. Бәрі ресми рәсімделді. Үш жұмысшым болды. Бір ай жұмыс істедік.Содан кейін еңбекақы төлеу мәселесі басталды.

Жеке кәсіпкерлер жергілікті әкімдік пен еңбек инспекциясына жүгініпті. Инспекция еңбек кодексі бұзылмағанын айтады. Дауды тек сот арқылы шешу керек дейді.

Ержан ТОҚТАҒҰЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жарты жылдай уақыт өтті. Жарты жыл ішінде мысалы жалақы алмадық деп ешкім шағымданып келген жоқ.Сол себепті осы не  азаматтық-құқықтық шарт болғандықтан сотқа жүгініп немесе құқық қорғау органдары арқылы шешу керек деп ойлаймыз.

Бас мердігер болса қосалқы мердігердің есеп-шотына қомақты ақша аударғанын айтады, оған дәлел- құжаттар бар.  
 
Таңат ШҰРЫМБАЕВ, БАС МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ЗАҢГЕРІ:

Мамандандырылған ауданарлық экономикалық сотқа талап-арыз түсірдік. Қосалқы мердігерден атқарылған жұмыстардың құжаты мен құрылысқа қолданылған материалдың құжатын талап етіп отырмыз.Қазіргі таңда сот процессі жалғасып жатыр.

Ал жеке кәсіпкерлер жергілікті биліктен қайыр болмаса  Президентке  үндеу жарияламақ. Жарты жылға созылған сексен миллион теңгенің сергелдеңі сонда шешілер деп үміттенеді.

З. Санай