$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырау қаласы маңындағы елді-мекендер ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
28.05.2021ж. 20:00
2994
Атырау қаласы маңындағы елді-мекендер ауыз суға жарымай отыр

Атырау қаласы маңындағы елді-мекендер ауыз суға жарымай отыр. Жаз шықса, тіршілік нәрінен тарығатын Балауса ықшам ауданының тұрғындары   бүгін   жиналып, құзырлылардан суды үзіліссіз беруді талап етті.   Бірақ олардың шағымын тыңдауға  қала әкімдігінен де,  «Облыстық су арнасы» мекемесінен де ешкім келген жоқ. Мәселені енді кім шешеді? Өңірден-Базаргүл Нәдірқызы.

Балауса ықшам ауданының түрғыны Мұрат Кенжеғарин  күні-түні су құбырын торуылдаумен жүреді. Үйдегі бар ыдыс-аяқты  толтырып алғанның өзінде, бала-шағаның күнделікті тұтынуына су жетпейді,- дейді ол. Есігінің алдына  еккен ағаштар да  қурап қалған. Бұл Мұраттың ғана проблемасы емес, мөлтек аудандағы   800 үйдің, 3 жарым мың халықтың  бес жылдан бері  жағдайы осындай.  
 
Гүлнәр ҚАНАТОВА, БАЛАУСА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Таңертең 7ден бастап су жоқ. 7ден бастап су жүрмейді. Неге екені белгісіз. Бізге тіпті айтпайды, ескертілмейді де.  Түнгі 1ден кейін су жүреді. Отырамын түнге дейін 1ге дейін күтіп балаларды ұйықтатып тастап су жинауым керек. Бочек, шелек-шелек, пластмасса 5 литрге жинап қоямыз шәйға. Соны алып жинап қоясың. Суға воовще түсе алмайсың. Мына уақыттан мына уақытқа дейін су болмайды деп.


Аслан ҚАНАТОВ, БАЛАУСА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Кешке жақын ыдыс-аяққа су толтырамыз да, соған балаларды жуындырамыз. Мәселе  қашан шешіледі. Тек телевидение келеді дегенде  давлениені көбейтіп қояды.

Тұрғындар құзырлы мекемелердің есігін қағып шаршаған.  Уәдені үйіп-төгеді, бірақ мәселе  бәрібір шешілер емес,- деп өкпелейді.

Айгүл СӘРСЕНОВА, БАЛАУСА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бұл мәселе бізде соңғы бес жылдан бері шешілмей келеді. Қалай сәуірдің аяғы болады, солай ауыз су жоқ. Атырау су арнасына барғанда мықты насос қоямыз, сумен қамтамасыз етеміз,- деді. Әлі жоқ. Алдыңғы жылы мүлдем су болмай водовоз машинасымен тасыды. Еркінқала әкімдігіне де бардық. Шешеміз дейді.  Бірақ өзгеріс жоқ.


Жиналған тұрғындарға «жиналыстамыз» деген желеумен   қала әкімдігінен бір де бір шенеунік бой көрсеткен жоқ. Сумен қамту мекемесі өкілдері де келмеді. Ауыл әкімінің айтуынша,  ықшам ауданға жаңадан үй салып көшіп келушілер көп. Ал жазда  халық бау-бақшасын суарады. Сондықтан су азаяды  дейді.

Мұхтар ҚҰМАРҒАЛИЕВ, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ:


Су жинақтап үлгере алмай жатыр шыны керек. Еркінқалада да да тап осындай жағдай. Су жоқ емес, бар. Бірақ судың қысымы азайып кетіп отыр. Атырау су арнасы басшылығымен сөйлесіп отырмын. Егер мүмкіншілік болса водовозбен су тасып  беруге келісімді ақшасына әрине.  Қала әкімі өзінің тапсырмасын берді. 100 тонналық су жинайтын резервар қондыру жөнінде. Сол кезде су қысымы көтеріледі деген үміттеміз.


Бұл-қала іргесіндегі 10-ға жуық  ауылдың ортақ проблемасы. Жаз шықса, суға жарымайды. Сондықтан олар да мәселенің шешімін күтіп отыр. Бірақ әкім айтқан су жинайтын резервуарлардың   қашан іске қосылатыны  белгісіз.  

Б.Нәдірқызы