$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елде соңғы бір айда коронавирусқа шалдығу көрсеткіші 1,6 пайызға азайды

AstanaTV
01.06.2021ж. 20:00
1393
Елде соңғы бір айда коронавирусқа шалдығу көрсеткіші 1,6 пайызға азайды

Соңғы бір айда ел ішінде коронавирусқа шалдығу көрсеткіші 1,6 пайызға төмендеді. Ал ем алып жатқан науқастар саны 15 мыңнан 12 мыңға азайған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында белгілі болды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, енді «Ashyq» жобасын белсенді қолданушы мекемелерге бірқатар жеңілдік жасалмақ. Олар жұмыс уақыты мен қосымша шарттар бойынша артықшылықтарға ие болады. Сонымен қатар қазір Ashyq жобасына туристік сала нысандарын, білім орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын қосу мәселесі пысықталып жатыр. Министр сондай-ақ, вирустың таралуын тежеу жұмыстарының  күшейтілетінін жеткізді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


1 маусымдағы дерек бойынша республикадағы инфекциялық төсек-орындар жүктемесі -28, ал реанимациялық төсек-орындар жүктемесі- 24 пайыз. Сәуірмен салыстырғанда мамыр айының ішінде инфекциялық төсек-орындар жүктемесі 1,5 есеге, ал реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 1,2 есеге төмендеді.

Ал халық арасында "көріпкел" атанған Жандарбек Бекшиннің болжамы тағы расталды. Алматы қаласы бүгін  «қызыл» аймақтан шығып, сары белдеуге көшті. Кеше ғана осындай пікірімен бөліскен қаланың бас санитар дәрігері алдағы бір аптада жасыл аймаққа да өтіп қалуымыз мүмкін деп жоспарлап отыр. Айта кетейік, қазір "қызыл аймақта" Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола және Қарағанды облыстары қалды.

Ғ. Өтемісов