Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елордада масаға таланып, дәрігерге жүгінген балалар көбейіпті

AstanaTV
01.06.2021ж. 20:00
3757
Елордада масаға таланып, дәрігерге жүгінген балалар көбейіпті

Елордада масаға таланып, дәрігерге жүгінге балалар көбейіпті. Қансорғыштың шаққан жері бөртіп, ісігі қайтпайды дейді ата-аналар. Дәрігер де маса аллергиялық реакция тудыратынын және сол симптоммен балалардың шағымдануы жиілегенін айтып дабыл қағуда. Ал құзырлы орын өкілдері масаны толығымен жою мүмкін емес дейді. Ақбота Базарбайдың бейнематериалы.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Масалар мен шыбын-шіркейлер, әсіресе, кеш-құрым уақытта қаптайды. Жұрт жұмыстан кейін далаға шығып серуендеуден қалдық дейді. Ең қиыны далада ойын қуған балалардың денелері қызарып, ісіп, тіпті аллергиялық реакция шақырған.  


Қала тұрғындары балаларды кешке көшеге тек жабық киіммен шығаруға  мәжбүр. Өйткені маса дененің ашық жерінің бәрін шағып тастайды.  Ол жер бөртіп, қып-қызыл жараға айналады.    Соңғы күндері ауруханаға осындай шағыммен келушілер көбейген.   

Үміт ИБАДУЛЛАЕВА, ДӘРІГЕР-АЛЛЕРГОЛОГ:


Бізге кем дегенде 1-2 бала маса шаққаннан, жәндік шаққаннан күндігіне приемға келеді. Симптомдары көбінесе шаққан жердегі ісінумен, қызарумен, сәл қышынумен байқалуы мүмкін. Маусым басталғалы, қателеспесем, 10-15 баладай көмекке жүгінді.


Тұрғындар терезе ашудан қалдық дейді, ал ауа жұтуға  далаға шықсаң қансорғыш талап жейді. Бірақ ойын баласын үйге қамап ұстау мүмкін емес.  

БЛИЦ:

- Маса шағады, маса өте көп. Масадан балаларда аллергия.  

- Қызым алты жаста. Маса шаққанда қатты аллергия шығып кетеді. Бет-ауызы көгеріп, беті ісіп, көзі ісіп, көрмей қалады.

-  Қазір маса өте қатты өршіген. Джинсы кисе де, кофта кисе де шағады.


Ал әкімдіктегілер былтырғыға қарағанда биыл маса аз дейді. Улау жұмыстары соған сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.     

Жанар БЕСКЕМПІРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бір масаның бір аналығы 400 личинкаға дейін салады. Яғни өздеріңіз санап көрсеңіздер ол күн жылынған сайын, күн ысыған сайын ол көрсеткіш көтеріле береді оларда.  


Мамандар масаның бәрін толық жою мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан халыққа   сақтанып жүруге, масадан қорғайтын арнайы спрей, кремдерді пайдалануға кеңес береді.   Мәселені шешетін басқа жол жоқ.

А. Базарбай