Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Оралдықтар үйлеріне қонудан қорқады

AstanaTV
02.06.2021ж. 20:00
1589
Оралдықтар үйлеріне қонудан қорқады

Орал қаласында әбден тозығы жеткен үйдің тұрғындары әр күн мен түнін қауіппен өткізуде. Осыдан он жыл бұрын арнайы комиссия шешімімен ғимарат  апатты деп танылса да, олар  қауіпсіз жерге көшірілмеген. Қала әкімдігі жыл сайын уәде береді. Бірақ, ол әлі орындалар емес.  "Бір күні үйіндінің  астында қаламыз ба деп"  қорқып отырған  тұрғындардың шағымын  Еркін Карин тыңдады.

Кезінде орыстың атақты әншісі Федор Шаляпиннің әні әуелеген келісті   үйдің қазіргі сиқы мынау. Тұрғындар  130 жылдық тарихы бар ғимарат  өткен ғасырдан бері  жөндеу көрген жоқ дейді.  Қаланың қақ ортасында тұрса да мұнда  газ да, су да, тіпті әжетхана да жоқ.  

Күлән АЙМҰРЗИНА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сенуден қалдық шыны керек біздер.  Біз шаршадық осы үйден. Ешқандай жағдай жоқ. Үй құлап кете ме деп, күнде қорқыныш, үрей, қонуға қорқамыз.


Зиннат ЖҰБАНОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз барған сайын бір жыл күтіңіз, бір жыл күтіңіз деп былтыр Мирас Мүлкейге кірдік бәріміз. Сонда айтты: апа енді бір жылға шыдаңызшы, ендігі жылы береміз міндетті түрде деп сүйдеді.

Шенеуніктердің сөзіне сенген тұрғындар салынып жатқан үйді бірнеше рет барып көрген. Бірақ құрылыс бітер уақыт жақындаған сайын атқамінерлердің уәдесі тағы да өзгеріп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы баспаналы болуды ұсыныпты. Бірақ бұл ұсынысқа  бірді бір  инвестор қызығушылық танытпаған көрінеді.

Дархан ЕРКІНҰЛЫ, ОРАЛ қ. ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Екі көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі 184 пәтерлік, екіншісі 64 пәтерлік. Барлық 244 пәтерге апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын көшіру жоспарда бар. Құрылыс пока біткен жоқ. Қалай құрылыс бітеді, комиссия шешімімен анықталатын болады. Ол үйдің тұрғындары көшіріледі ме, көшірілмейді ме. Әлі белгісіз, нақты шешім жоқ.


Кірпіші үгітіліп, қабырғасы қақыраған бұл баспана  осыдан он жыл бұрын апатты деп танылған. Жаңбыр жауған сайын төбеден су кетеді,  қабырғадағы саңылаудан   жел азынайды. Оралдағы осындай 52 апатты үйде тұратын 249 отбасы пәтер кезегін күтіп отыр.  Олардың  үміті - үйге мұқтаждардың мәселесін қарайтын арнайы комиссияда.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қаланың ескі бөлігіндегі осындай тарихи нысандардың дені мемлекет қорғауына алынған. Бірақ мемлекеттің қамқорлығы мынадай жұпыны  тақтайшалар орнатумен ғана шектеледі.

Е. Карин