Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғаға мұғалімдердің қатысы жоқ, -ата-аналар

AstanaTV
02.06.2021ж. 20:00
1574
Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғаға мұғалімдердің қатысы жоқ, -ата-аналар

Шарын шатқалындағы қайғылы оқиғаға мұғалімдер кінәлі емес. Бүгін Алматыда сел кезінде саяхатқа шыққан оқушылардың ата-аналары осындай мәлімдеме жасады. Олар тергеушілердің мектеп әкімшілігін жауапкершілікке тартуы негізсіз дейді. Әріптесім Әсем Лесбекке ата-аналар табиғат аясындағы демалысы өздері ұйымдастырғанын айтты.

Экскурсияға шығамыз деп басы бәлеге қалғандардың ата-аналары білім ордасына таң атпастан жиналыпты. Оларды бұл жолы мұғалімдер емес, тергеушілер жауап алуға шақыртқан. Жиналғандар демалысты, мектеп әкімшілігі емес өздері ұйымдастырғандарын айтты.
 
Динара ДЕМЕУБАЕВА, АТА-АНА:

Алдында айтылған болатын жылдың соңында біз бір жерге барып қайтайық оқушылармен деп. Орынды да, автобусты да, күнін де бәрін ата-аналар шешім қабылдаған. Мұғалімдердің еш қатысы жоқ. Мұғалімдерді біз шақырдық бізбен барсын бірге деп.

Ата-аналар саяхатқа туристік компаниясыз шығуды жөн санаған. Тек шатқалды жақсы білетін гид қана жалдапты. Оқу жылы аяқталған соң мектеп директорына да ескертпедік деп отыр. Қайғылы оқиғадан кейін білім ордасын жауапкершілікке тарту дұрыс емес дейді.  

Айнұр ТАШИМОВА, АТА-АНА:
 
Мен бұл жерде ешкімді кінәләмаймын. Өйткені бұл жерде төтенше жағдай болып отыр. Сондықтан біз апаймыз үшін келіп осы жерге сөйлеп отырмыз. Өйткені ол кісінің ешқандай кінәсі жоқ. Ол да как турист ретінде барып отыр ғой.

Әйтсе де облыстық Полиция Департаменті қайғылы оқиға бойынша екі бірдей баппен қылмыстық іс қозғады.  Бірақ жауапты кім екенін ашып айтпады.  
Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 306 бап, 3-ші бөлігі 141-бап екінші бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы облысы Полиция Депатаментінің тергеу басқармасымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Бірақ полиция жауапты кім екенін ашып айтпады. Мәжілісмендерді де толғандырған осы сауал. Депутат Артур Платонов өзен-көлдердегі, демалыс орындарындағы қауіпсіздікке мемлекеттік органдардан кім жауап беретінін сұрап, Үкіметке сауал жолдады. Ол жазғы демалыс орындарында балалардың өліміне жол берілмеуі тиіс деді.

Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУАТЫ:
 
Суға түсу маусымы ашылмай жатып, ел бойынша 22 бала ажал құшты. Табиғаты ғажап жерлерде төтенше жағдай туралы хабар беру мүмкін емес. Цифрландыру бар, бірақ байланыс жоқ. Балаларымыз қорғансыз. Бұл жауапсыздық қой. Шұғыл жүйелі шаралардың қабылдануын сұраймын.


Мектеп ғимаратында, апаттан көз жұмған 26 жастағы оқытушы мен 5-ші сынып оқушысының суреті әлі тұр. Естеріңізге салсақ, өткен сенбіде Шарын шатқалында сел жүріп, демалысқа барған балалар арасында 2 адам қаза тапты. Тағы жетеуі ауруханаға жатқызылды. Апат болған күні нөмірі 199-шы мектептің үш мұғалімі, 5 ата-ана, 8 оқушысы шатқалға демалысқа шыққан еді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы селден зардап шеккен мұғалімдердің бүгінде амбулаториялық емге жіберілгенін хабарлады. Тек 10 және 11 жастағы оқушылардың балалар ауруханасында әлі ем қабылдап жатқандығын айтты.


 Ә. Лесбек