Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтаулық үлескерлердің жаңа баспананы күтіп жүргендеріне 11 жыл болды

AstanaTV
31.08.2017ж. 20:00
2608
Ақтаулық үлескерлердің жаңа баспананы күтіп жүргендеріне 11 жыл болды

Ақтауда тұрғын үй үлескерлері бас көтерді. Айтуларынша, жаңа баспана құрылысы бастапқы уәдеге сәйкес 3 жыл емес, 11 жыл салынып келеді. Үй әупірімдеп жүріп бой көтергенімен, оған коммуналдық жүйелер әлі қосылмапты. Қолына кілтін ұстап, бірақ үйіне қоныстана алмай жүргендерді тілшілеріміз тыңдап келді.

Жергілікті тұрғындар, құрылысы сағызша созылған мына баспананы "көпті көрген", дейді. Нысанның құрылысы 2006 жылы басталған. Бастапқы мердігер ғимараттың алғашқы екі қабатын салып, артынша сотты болды. Жауапты тұлға үлескерлердің құрылысқа берген 276 миллион теңгесінің 100 миллионын жымқырғаны үшін жазаға тартылды. Ал құрылыс 8 жылға тоқтап тұрды. Кейін билік тарапы 200 миллион теңге бөліп, жаңа құрылыс компаниясын тапқан. Он екі қабатты баспана биыл халық игілігіне тапсырылған болатын. Алайда, жұрт әлі күнге дейін қоныс тойын тойлай алмай отыр.

Анара Батыхова, үлескер:

Мен қаңтар айында әкімге жолықтым. 35-40 шақты тұрғын жиналды. Ол 10-қаңтарда пәтер кілттерін береміз деп уәде етті. Жарық пен су тиісті мекемелердің балансына әлі өтпеген. Бәрін өзім қосып беремін деді. Кілттерді берді, бірақ коммуналдық жүйелер қосылмаған.

Шенеуніктердің айтуынша, коммуналдық жүйелер бірнеше ай бұрын тартылған. Олардың дер кезінде қосылмауына қажетті құжаттардың әзірленбеуі себеп болған.

Руслан Жүкенов, Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Құжат мәселесі туындады. Техникалық төлқұжатты дайындауға, оны әділет департаментінде тіркеуге біраз уақыт кетті. Коммуналдық жүйелерді әкімдік баяғыда тартқан.

Әкімдік маманының айтуынша, коммуналдық жүйелердің барлығы бүгін-ақ қосылады.  Құжаттар 2-3 сағаттың ішінде рәсімделіп болады деп уәде берді. Демек, ертең баспаналарын 11 жыл бойы сарыла күткен бұқара жаңа қоныстарына жайғаспақ.

Абзал Құрманкин