Елордада оқушылар кварцтан зардап шегіп, ауруханаға түсті. Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлектері емтихан тапсыру кезінде мазасызданып, денсаулығына шағымданған. Сөйтсе, бөлмеге қосылған ультракүлгін шам өшірілмей қалған көрінеді. Абырой болғанда дәрігерлер балаларға қатты зиян келмеген деп отыр.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Нұр-Сұлтандық ата-аналар таң атысымен әлеуметтік желіні шулатты. Балаларының болашағына алаңдаған олар мектеп әкімшілігіне наразылық білдірді. "Емтихан кезінде балаларымыздың денсаулығы нашарлап, көздеріне зақым келді" дейді.
Біз алдымен қызымызға не болғанын түсінбедік, жедел жәрдем шақырдық, түн ортасында ауруханаға бардық, ал таңертең сыныптың барлық балалары жалпы чатта шағымдана бастады. Сол кезде ғана мәселенің мәні белгілі болды.
Өздерін нашар сезінген 4 оқушы ауруханаға жеткізілген. Оларға дереу прафилактикалық шаралар жүргізілген. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың көз қарашығы зақымданған. Бірақ қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты дейді.
Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Ең бастысы барлық ескертпелерді уақытылы орындаса болғаны. Компьютер алдында мейілінше отырмауға кеңес береміз. Тым жарық жерге шықпау қажет.
Мектеп әкімшілігі кварц шамдарының қосулы қалғанын растады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр,-дейді. Кінәлілер жауапқа тартылады.
"НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ" ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ:
Зияткерлік мектепте бактерияға қарсы шамдарды пайдалану бойынша қосымша нұсқаулық жүргізіледі. Ал кінәлілер міндетті түрде жазаланады. Мұндай олқылықтардың алдын-алу шараларын тағы да пысықтайтын боламыз.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Білім беру ұйымының айтуынша, медициналық тексеруден өту үшін барлық бала емтиханнан босатылған. Балаларды емдеу және оңалтуға байланысты шығындарды автономды білім беру ұйымы өтейтін болады.
Ғ.Өтемісов