$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысы Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын су қымбат деп шағымданды

AstanaTV
10.06.2021ж. 20:00
3939
Түркістан облысы Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын су қымбат деп шағымданды

Түркістан облысындағы Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын судың қымбаттығына наразы. Судың тарифі көрші ауылдармен салыстырғанда   үш есе жоғары деп отыр. Айтуларынша, иқандықтарға «Қазсушар» мекемесі белгілеп берген баға өте қымбат. Тамызда тариф  тағы өседі деп  шырылдаған шаруалар мәселеге биліктегілердің араласуын сұрайды. Маңдайын күн қақтаған ағайынның арызы әріптесім Айзада Төребекқызының бейнематериалында.

 Ескі Иқан ауылының тұрғыны  Әбдімүтәліп Хасанханов үш гектар жермен жан бағып жүр. Биыл мақта мен жүгеріден бөлек қызанақ  еккен. Бірақ шығын көбейіп, жағдай қиын боп тұр.  Айтуынша, қызанақтың әр гектарына орташа есеппен 1,5 млн теңге жұмсаған. Жанар-жағармай, көшет пен  тыңайтқыш бағасының  күрт көтерілгені аздай енді ағын су құны қалтаны қағып тұр,- дейді  шаруа.  

Әбдімүтәліп ХАСАНХАНОВ, ШАРУА:


Мен бір жылда 5-6 рет суарамын енді бұл көшетті, помидор  піскенше. Піскеннен кейін тағы береміз. Енді бұл бізге есептесек ауыр болайын деп тұр  ғой бұл. Помидор бар, жүгері бар, мақта  бар.


Жер-Ананы  емген ағайын ағын судың  тым қымбаттығына наразы. Айтуларынша, Сауран ауданындағы 12 елді -мекеннің шаруалары  Арыс-Түркістан каналы арқылы су ішеді. Ескі Иқаннан басқасына суды «Тұран» серіктестігі береді екен. Ақысы үш есе арзан. Ал «Қазсушар» мекемесі де дәл сол каналдан су алса да, соңғы үш жылда  тарифті бірнеше рет көтерген.
 
Құтлымұрат ШЕРМЕТОВ, ШАРУА:
                                                                               
Суткасына 100 литр суға көрші ауылдар 2 800 теңге төлейді. Ал біздің ауыл 1-майға дейін 4 500 теңге төлеген. 1-майдан бастап 6 600 теңге төлеп жатыр. Су көтерілген кейін біздің өніміміз көтеріледі. Өніміміз конкуренцияға бардаш \төтеп\ бере алмай қалады, өйткені көрші ауылдар 100 теңгеден жеткізген нәрсені біз 150 теңгеден жеткіземіз. Ол базарға барған кезде өтпейді.

18 мың халқы бар ауылда 13 мың гектар жер игерілген. Жұрт су бағасын  арзандатуды немесе басқа мекемеге ауыстыруды бірнеше рет сұраған.  Бірақ нәтиже жоқ. Керісінше тамызда тариф 7 500 теңге болатыны хабарланыпты. Бұл жаңалыққа дүрліккен шаруалар "жағдай бұлай болса, егін егуді қоятын шығармыз"  дейді. Онсыз да биыл су тапшылығына байланысты егістік көлемі 300 гектарға азайған.

Әмірхан ЮЛДАШЕВ, ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:


Біз "Қазводхоз"бен көктемнен бері  келіспей жатырмыз. Үшінші рет қазір жиналыс болды, олардың условиесі бізге ұнап тұрған жоқ.  Алайда диқандардың осы "Тұран" немесе басқа да шаруа қожалығына өтуіне препятствие жасап жатыр да, қайттан кеп жиналыс жасайды да сол 7,5 мың теңгеден біз түсіре алмаймыз. Біз республика бойынша бір нарыққа тұрғанбыз дейді.
Ал иқандықтарға су тарататын «Қазсушар» мекемесінің басшылығы  "баға негізсіз өскен жоқ" дейді.


Есенгелді КЕРІМБАЕВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Қазақстан бойынша шығындардың бәрі есептеліп,  құрастырылған тариф болғандықтан       жергілікті тарифтен біздікі жоғары болып отыр. +Қазіргі халықтың өтініштерін ескере отырып біз су ресурстары комитеті төрағасына және бас директорымызға хат жолданды.  

Сондай-ақ,   Иқан ауылындағы каналдарды сенімгерлік басқаруға беру арқылы мәселені шешуге болады дейді.   Бірақ ол үшін алдымен ауылдағы арық-атыздарды ретке келтіру керек. Заң талабы осындай.


 А. Төребекқызы