Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстандағы Балуан ауылының тұрғындары 10 жылдан бері жерін қайтара алмай келеді

AstanaTV
14.06.2021ж. 20:00
3024
Солтүстік Қазақстандағы Балуан ауылының тұрғындары 10 жылдан бері жерін қайтара алмай келеді

Солтүстік Қазақстандағы Балуан ауылының тұрғындары 10 жылдан бері өздеріне тиесілі жерді қайтара алмай келеді. Халық 2009 жылы пай үлестерін  жаңадан ашылған шаруашылыққа сеніп тапсырған. Алайда, содан бері не жер жоқ, не жыл сайынғы төлем жоқ.  Жұрттың үлесін иемденгендердің ісі заңды ма?  Жергілікті билік бұған не дейді?  Мәселенің мән-жайын Абзал Құрманкин анықтады.

Жер үшін 10 жылдан бері күресіп келе жатқан балуандықтар осы уақытқа дейін талай табалдырықты тоздырған. Жергілікті шаруашылықтың жыл сайынғы төлеміне көңілі толмағандықтан, 300-ге жуық ауыл тұрғыны 2009 жылы «Казипрохем» шаруашылығына 4 мыңнан астам гектар алқапты сеніп тапсырған. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорын басшылығы көл көсір табыс әкелемін деп уәде беріпті. Алайда, пайдың ақшасын дұрыс төлемегені өз алдына, олар ауыл жұртының жерін кепілдікке қойған.  Ал үшінші тарап жерді аукцион арқылы сатып жіберіпті.

Диқан ҚАРШАЛОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Казипрохемге өтіп жүрген кезде. 2011 жылы қалай екенін білмейміз залогқа қойып, банк арқылы сатып жіберген. Біз 286 адам пайщик Шал ақын ауданы Балуан ауылының тұрғындарының ешқайсысы білмеді.

Торғын ӘБДІРАХМАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Олар 250 тонна опытный станциядан бидай алған. Сол бидайды қарызға алған. Сосын бізді жерді апарып залогқа қойған қарыздан құтылу үшін. Қарыздары 10 миллион теңгенің маңайында болған. Сол жерді опытный станция аукционға қойған.

Осылайша ауыл тұрғындары жер сипап қалды. Себебі, сенімді ақтамаған кәсіпорын банкротқа ұшыраған.  Соңғы он жылдың ішінде тұрғындар опық жегенін айтып, екі мәрте заңгер көмегіне жүгінген.  Енді үшінші рет адвокат жалдауға мәжбүр.

Бақытжан БАЗАРБЕК, ЗАҢГЕР:

Жер кодексінің негізгі баптары бұзылып отыр. Жалпы жиналыс біріншіден, көп адамдардың қатысуынсыз ұйымдастырылған. Екіншіден, иеліктен шығару үшін жалпы жиналыстың шешімі керек. Ал иеліктен шығаруға ешкімнің сенімхаты болған жоқ.


Жердің заңсыз сатылғанын дәлелдеп, сотқа жүгінген көпшілік екі рет жеңілген. Судьялардың айтуынша, жер сату ісі заң аясында жүзеге асқан асқан.

Гүлзия ЕДРІСОВА, СҚО СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Тұрғындар 2009 жылы "Казипрохемагроның" құрамына өткен кезде автоматты түрде оның қатысушыларына айналды. Демек, жерді басқару құқығынан өз еркімен айырылып қалды. "Казипрохемагро" кейін «Солтүстік Қазақстан тәжірибелі стансасының» алдында борышкер болып қалды. Соңғы кәсіпорын 2011 жылы өз қарызын өндірін алу үшін олардың жерін заңды түрде сатып жіберді. Сол кезде аукцион арқылы жерді пайдалану құқығына Алма фермерлік шаруашылығы иемденді. Қазір Алма шаруашылығы жерді заңды түрде пайдаланып отыр.

Аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Алайда, қандай да бір шешімі қабылдауға қауқарсыз.   

Рахат СМАҒҰЛОВ, СҚО ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сот шешеді оны. Бірақ жұмыс жасап жатырмыз. Заңгерлердің бәрін қостық. Прокуратура өздері бақылауда ұстап отыр. Бірақ пока айта алмаймын. Сотқа бергеннен кейін көреміз.


Құжаттарға жүгінсек, жер жекенің қолына өткендіктен   тұрғындар пай төлемдерін алу құқығына ие бола алмайды. Одан қалды, сотқа жүгіну мүмкіндігінен де айырылған көрінеді. Бірақ  сонда да әділдік іздеген  300-ге жуық азамат  енді білікті заңгердің қолдауына  үлкен үміт артып отыр.

А. Құрманкин