$514.94 €583.74 ₽6.13
×

Мемкомиссияға төтеншеліктердің енгізілмеуі жағдайды ушықтырады – Атырау облыстық ТЖД

AstanaTV
15.06.2021ж. 20:00
2784
Мемкомиссияға төтеншеліктердің енгізілмеуі жағдайды ушықтырады – Атырау облыстық ТЖД

Осыған ұқсас оқыс жағдайлар, біздегі жанар жағар май құю бекеттерінде де болып тұрады. Жуырда Шымкентте май құю бекеті өртенді. Ал, былтыр Атырауда жарылыс болып, адам өлімі тіркелді. Содан кейінде мороторийге байланысты, құзырлылар бекеттерді тексере алмаған. Осыны пайдаланған өңірдегі кәсіпкерлер әлі бейқам. Төтенше жағдай мамандары жаңадан салынатын нысандарды қабылдайтын мемлекеттік комиссия құрамына өздері енбей жағдай түзелмейді деп отыр. Жанармай құю бекеттерінің көбі қалада халық тығыз шоғырланған аумаққа салынған. Мұндай «кесірлі көршілерге» жергілікті тұрғындар қарсылығын білдіргенімен, алпауыттарға экологтардың да әлі жетер емес.

Орал қаласының байырғы тұрғыны Мұнайдар Балмолда қала ішінде жанармай бекеттерінің салынуына қарсы. Өйткені халық көп жүретін мұндай жердегі май құятын орындар баяу жарылатын бомбаға бергісіз.

Мұнайдар БАЛМОЛДА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жану-жағармай бекеті дегенің әзірге қауіпсіз шығар. Бірақ алда-жалда бір күні өрт шалатын болса, бұл дегенің былай қарағанда бомба ғой. Жарылса өте қауіпті. Кім жауап береді сол кезде? Осындай жағдай болмасы үшін мұндай жану-жағармай бекеттері қаланың сыртында, жан-жағында ашық жері бар, тұрғын үй жоқ, адамдар жүрмейтін жерде салынуы керек қой.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері мұнымен келіспейді. Айтуынша, кез-келген ғимарат салынбастан бұрын алдымен құжаты тәптіштеледі. Сондықтан, заңсыздыққа жол жоқ, дейді.

Әділбек ҚАДЫРОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жанармай бекеті ғана емес, кез-келген ғимарат салынарда жан-жақты тексеріледі. Жауапты мекемелердің келісімі алынады. Мұның бәрі де құрылыс талаптары мен ережелеріне сай. Сондықтан ешқандай заңбұзушылық болуы мүмкін емес деп айта аламын.


Жаңадан салынған нысандарды қабылдайтын мемлекеттік комиссия құрамынан 2016 жылы төтенше жағдайлар департаменті шығарылып тасталды. Құтқарушылар апаттың жиілеуін осыдан көреді. Мысалы, былтыр Атырауда газ құю бекеті жарылып, бір адам опат болды. Алапат жарылыстан жақын жердегі ғимарат та қирады. Бір қызығы, содан бері өңірдегі ешбір газ құю бекеті тексерілмепті.

Қуаныш ТОҚСАРИН, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Мемлекеттік қабылдау алу комиссиясының құрамында мемлекеттік өртке қарсы инспекторлар жоқ. Осының кесірінен жарылыс, өрт секілді түрлі оқыс жағдай болып жатыр. Мысалы былтыр өртенген газ құю бекеті шағын бизнес нысаны, сондықтан тексерілмейді. Егер жіті қадағаланса, бұған жол берілмес еді.

Талап бойынша, жанармай құйылатын резервуардың айналасындағы ғимараттар 60 метр қашықта болуы тиіс. Бірақ бұл ереже көбіне сақталмай жатады. Әрі Экологиялық кодекске сәйкес, қоғамдық тыңдау өткізілуі тиіс. Бірақ жобалаушы компаниялар өз жұмысшыларының қолын қойғызып алып, белден басады екен. Әрі жанармай бекеті салынатынынан жергілікті халық бейхабар қалады, дейді мамандар.

Лаура МӘЛІКОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІРИБЕШІЛ ЭКОЛОГТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Экспертизаның да сапасы нашарлау, шыны керек. Ол объектілер 2,3,4-ші категорияға жатқылады. Ол объектілердің экспертизасына  әкімдік жанындағы табиғи ресурстарды реттеу басқармасы өткізеді. Кейбір өңірлерде мамандардың біліктілігі төмен. Олар мысалға жобаның ішінде қай жерінде қатесі бар, қай жерінде олқылығы барын біле қоймайды.


Ресейдегі жарылыстан кейін атыраулық төтеншеліктер май құю бекеттеріне қауіпсіздікті күшейту туралы ескерту хат жолдауда. Бірақ мораторийге арқа сүйеген кәсіпкерлердің мұны қалай қабылдары белгісіз. Өйткені оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр.

Е. Карин