Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Израильдің әскери әуе күштері Газа секторындағы «Хамас» нысандарына оқ жаудырды

AstanaTV
16.06.2021ж. 20:00
1698
Израильдің әскери әуе күштері Газа секторындағы «Хамас» нысандарына оқ жаудырды

Израильде тағы да тыныштық бұзылды. Елдің әскери әуе күштері Газа секторындағы «Хамас» нысандарына оқ жаудырды. Шабуылға жарылғыш зат толтырылған әуе шарларының, Израиль жаққа ұшырылуы себеп болған. Оның үстіне Иерусалимде де «Жалаулар шеруіне» қатысты қақтығыс басталды. Салдарынан 90 адам жапа шеккен.

Израильдің әскери- әуе күштері ХАМАС нысандарына шабуыл жасады. Тыңшылар мәліметінше әскерилер дәл осы маңда шоғырланған. Әсіресе Палестинаның қоршауда қалған жердің оңтүстік- батыс бөлігі қатты соққы алды. Қақтығысқа жарылғыш заттар толтырылған әуе шарлары түрткі болды. Оларды әлдекім Израильдің елді-мекендеріне қарай ұшырып жіберген.

Палестиндіктер мен израильдықтар арасында қақтығыс жиі болып тұрады. Оған сылтау көп. Мәселен, Иерусалимде израильдықтар өткізген еш астары жоқ «жалаулар шеруінің» өзі араздық туғызды. Осыдан кейін «Хамас» палестиндіктерді «жаппай жұмылуға» шақырды. Іске полиция араласып, ақыры 90 адам жапа шекті. Палестиндіктер шеруді «арандатушылық» деп атап, Газада және Израиль басып алған Батыс жағалауда наразылық акцияларын өткізуге үндеді.Бұл жердегілер 10 мамыр күні болған оқиғаны жақсы біледі. Онда Израиль Газа секторына әуеден соққы жасаса, палестиналықтар Иерусалимге ракета атқылаған болатын.

Фарид АЛЬ-АТРАШ, ПАЛЕСТИНАЛЫҚ БЕЛСЕНДІ:

Бұл бүкіләлемге Израиль басып алуын тоқтатсын деген жолдау. Иерусалимге жалғыз еместіктерін айтамыз. Израиль тарапынан бүкіл әлемнің көзінше жасап отырған оккупацияға, агрессияға тосқауыл қою керек.
 
Исмаил РАДВАН, «ХАМАС» КӨШБАСШЫСЫ:

Біз бұл қылмыстар үшін сионистік оккупацияға өзіміз жауаптымыз деп ойлаймыз. Біздің қарулы қарсылығымыз әрдайым тоқтамайды. Біз бұл агрессияға жауап береміз.

Басты оқиға Ескі қала жақта өтті. Онда 2 мыңға жуық полицей жиналды. Израильдықтардың өздері болса «марштан» еш өрескелдік байқамағандарын айтты.
 
Итамар БЕН-ГВИР, ИЗРАИЛЬДІҢ ЗАҢ ШЫҒАРУШЫСЫ:

Біз сендердің бопсалауларың мен биліктеріңе көнбейміз. Израиль үкіметінің мүшесі Мансур Аббастың Иерусалимдегі маршты арандатушылық деп атауы өте қайғылы. Міне бұл үкіметтің шынайы бет- бейнесі. Бірақ біз қарсылыққа қарамастан Иерусалимде шеруге шығамыз.  

Меир ИНДОР, ИЗРАИЛЬ ТҰРҒЫНЫ, "ЖАЛАУЛАР ШЕРУІНІҢ" ҚАТЫСУШЫСЫ:

Мен зұлматты көрген адамның ұлымын. 2 мың жыл бойы бізді елден елге қудалап келді. Холокостты басынан өткерген адам баласының мұнда оралуы мен үшін киелі мақсат қана емес, тірі қалудың амалы. Олар жалау арандатушылық дейді. Сонда Израильда еврей болып тұру да арандатушылық па?

Жалаулар шеруі 10 мамырда өтуі тиіс еді. Алайда жағдайдың ушығуына байланысты болмай қалды. Еске салсақ, израильдік әскерилер мен Газадағы радикалдар 11 күн бойы бір- бірін зымырандармен атқылады. Барлығы 4 мыңнан астам ракета ұшырылған. Израиль тарапынан 13, ал Газа секторынан 256 адам қаза тапты.  

А. Қуаш