$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда 3 млрд-тан астам қаражат жұмсалған су арнасының құрылысы тоқтап қалды

AstanaTV
23.06.2021ж. 20:00
2026
Павлодарда 3 млрд-тан астам қаражат жұмсалған су арнасының құрылысы тоқтап қалды

Павлодарда 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған су арнасының құрылысы тоқтап қалды. Себебі құрылысқа тиесілі қалған ақша бөлінбеген. Ал жартылай салынған арнаның ішіне құм толып, арам шөп басқан. Мамандар бұлай тұра берсе, істелген жұмыс пен қомақты қаражат желге ұшады деп уайымдайды. Тақырыпты тілшіміз Өзгеріс Қуанар тарқатады.

«Ертіс-Успен» су арнасы өңірде суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ірі жоба. Жобаның жалпы құны -7 млрд. 700 млн теңге. Қомақты қаражаттың бір бөлігі игеріліп, канал қазылды. Алайда, қалған қаржы бөлінбей, жұмыс тоқтап тұр.

Жұмагелді ҚОЖАНОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

4 млрд 600 млн. теңге жетпей жатыр. Сондықтан биыл жұмыстар осы каналда тұрып қалды. Негізінде «Казводхоз» Павлодар облысының әкімшілігімен бірге осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Министерствоға шығып жатырмыз.

Су арнасының ұзындығы -13 шақырым. 10 мың гектар аумақты суландыруға арналған. Мамандар қалған қаражат бөлінбесе, бұған дейінгі жұмыс зая кете ме –деп қорқып отыр. Өйткені, қазірдің өзінде арнаның ішіне құм толып, арам шөп басқан.

Леонид БАТАЛОВ, Қ.СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ СУ АРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Екі жыл қатарынан арнаға су жіберілмейтін болса, еңбек далаға кетейін деп тұр. Өйткені, арнаны шөп басып, құм бітеп тастады. Бетон плиталар күнге күйіп, тозып жатыр. Осылай жалғаса берсе, 3 млрд теңге желге ұшпай ма?

Ал диқандар су арнасына жақын жерден жер алып, егін екпек. Бірақ, қаржының жоқтығы оларға да тұсау салып отыр. Ал аймақ басшысы қаржыландыру пандемияға байланысты бір жыл кейінге шегерілгенін айтты.

Әбілқайыр СҚАҚОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қажетті 7,7 млрд теңге бөлінетін болады. 40 пайызы игерілді. Қосымша келесі жылдан бастап осы жоба аяқталады.

Әкімнің айтуынша, нысан құрылысы келер жылы толық аяқталып, нысан іске қосылады.

Ө. Қуанар