Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елорда маңындағы ауылдарға жол салу мәселесі қолға алынбақ - әкім

AstanaTV
24.06.2021ж. 20:00
2334
Елорда маңындағы ауылдарға жол салу мәселесі қолға алынбақ - әкім

Ақмола облысы Аршалы ауданының елдімекеніндерінде де мәселе жетеді. Ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан ауыз су, жол, жарық, қыста қар басу, мұның бәрі тұрғындарды әбден титықтатқан. Жылда уәде беріледі, бірақ орындалмайды дейді олар. Жақында ашуға мінген халық қалаға қатынайтын көшені бөгеп, биліктен жол салып беруді талап еткен болатын. Біз ол туралы бейнематериал бердік. Содан кейін Ақмола облысы жол басқармасының өкілдері халықпен кездесу үшін ауылға арнайы келіпті. Тұрғындардың мұқтажын тыңдады, мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылады. Нәтижесінде қандай шешім қабылданды? Ғалымжан Өтемісұлы тарқатады.

Бұлақсай, Қостомар, Сарыоба және Ақжар ауылы. Аршалы ауданына қарасты осы 4 ауылдың жұрты сапасыз жолдың жырымен талай жиналған. Айтуларынша, жылда «жөндейміз» деген құрғақ уәдеден шаршаған. Көпшілік қанша көтерсе де, көкейдегі мәселе шешілмей тұр дейді.

Жұртшылықты мазалаған мұнан да басқа мәселе көп. Жайылым жер тарылған, электр бағаналары мен сымдарының тозығы жеткен. Ал қыста жағдай тіпті сорақы, қалың қарды өзіміз аршып, әлекке түсеміз дейді. Облыстан атқамінерлер жиі келмейтіндіктен бар мәселені бір мезетте жеткізіп қалуға тырысқандарын, бірақ биліктің жауабына қанағаттанбағандарын айтады.

Бақытхан ҚАПСЕМЕТҰЛЫ, ҚОСТОМАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сенбейміз. Жиын болса болды осы жауапты айтады. Біз үмііттеніп келдік.

Мұндай кездесу соңғы уақытта бірнеше рет ұйымдастырылған. Бірақ, облыстық жол басқармасының өкілдері биыл мәселені шешуге білек сыбана кірісеміз деп отыр. Тек қолбайлау боп тұрған жайттар бар. Жолға таласқан мердігерлердің соты бітпей, істің аяқталмасы анық. Десе де, республикалық бюджеттен 800 миллион теңге бөлініпті. Биыл 6 шақырым жол салынады.

Владимир КУЛАКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шілдеден бастап жұмыстар басталады. Келер жылға тағы 2 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Оған да бірнеше шақырымдық жолдың жұмысы жоспарланған. Бірақ, толықтай жұмыстар қашан аяқталарын дөп басып айта алмаймыз.

Ал жарық пен жайылымға қатысты проблеманың қашан шешілері белгісіз. Тұрғындар аудан әкімінен оны сұрады, талап етті. Жаңадан сайланған әкім «шешеміз» деп қысқа қайырды.

Айдар БАЙМАНОВ, АРШАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біреуден тартып аламын деп өтірік айта алмаймын. Егер жер босап жататын болса, ауылдың адамдарына береміз деген ұстанымымыз бар.

Сондай-ақ қыста көшелерді, үйлерді қардан аршу үшін қосымша техника бөлінетін болды.

Ғ. Өтемісов