Астанадағы Әбу Даби Плаза
кешенінің қанша қабаты бүлінгені әлі белгісіз. Ғимараттың бес қабаты ысырылды
деген ақпарат тек болжам ғана. Астана қалалық төтенше жағдайлар
департаметі өкілдерінің хабарлауынша,
қызыл жалынның неден шыққаны әлі күнге анықталмаған. Өйткені мамандар
Әбу-Даби Плазаның зақымданған жоғарғы қабаттарына бара алмай отыр. Салдарынан
сараптама жұмыстары тұралап қалған. Құрылыс компаниясы жоғарғы қабаттарға жету
үшін Ресейден арнайы кран алдырып жатыр екен. Өйткені Қазақстанда биік
ғимараттардың басына жететін алып крандар жоқ. Көрші елден құрылғы келісімен
зақымданған қабаттардан қалдықтар алынып, өрттің шығу себептері зерттеледі.
Содан кейін қай қабаттар қаншалықты қирағаны анықталмақ.
Аягөз Фазылова, Астана қаласы
төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
17-тен 22 қабатқа дейінгі - бұл
біздің болжам бойынша, ал нақты сараптама бұның шешімін қорытындыдан кейін
шығарады. Құрылыс краны келіп, үстіне шығып, қай қабаттар деформацияланды деген
сараптаманың соңғы шешімі бойынша, мүмкін, бір қабат алынады, мүмкін, 3 қабат,
мүмкін, ешқандай қабат алынбайды.
Еске салайық, Әбу-Даби Плаза
кешені осы уақытқа дейін 3 рет өртенді. Олардың барлығында да қызыл жалынның
шығу себептері анықталмаған. Өйткені ұшар биікке шығатын құралдар жоқ. Белгілі
болғандай, елімізде өрт кезінде қолданатын ең биік саты тек 88 метр. Ал Әбу-Даби Плазаның ұзындығы 380 метрден асады деп жоспарланған. Зәулім
ғимараттардың құрылыс кезінде өртке қарсы жүйесі бірден жабдықталуы керек екен.
Төтенше жағдайлар департаменті биік ғимараттарда шыққан тілсіз жауды ауыздықтау
үшін әуе техникасын қолданамыз деп отыр.
Берік ХАСЕНОВ