Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылордадағы Скатков көшесіндегі үйлердің техникалық қабаттары жедел жөндеуді қажет етеді

AstanaTV
18.04.2016ж. 20:00
1628
Қызылордадағы Скатков көшесіндегі үйлердің техникалық қабаттары жедел жөндеуді қажет етеді

Қызылордадағы Скатков көшесінде көпқабатты үй тұрғындарынан маза қашты. Олар 90-шы жылдардың басында салынған үйлердің техникалық қабаттағы бетон төсемдері адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанына алаңдаулы. Шатыр орнындағы қабаттың бетондары сөгіле бастаған. Тұрғындардың айтуынша, кез келген уақытта опырылуы мүмкін. Өміріне алаңдаған пәтер иелері, қазір туыстарын паналап жүр. Мұндай жағдай қаладағы он шақтың үйде бар. Бұл баспаналар ескі үйге жатпайтын болғандықтан, мемлекеттің терможаңғырту бағдарламасына да ілікпеген. 

Бұл қараусыз қалған жертөле емес. Бесінші қабаттағы пәтерлер. Қабырға мен төбе көгерген. Дымқыл тартқан баспанадан төрт балам мен немерем жиі ауырады, - дейді Сәуле Басанова. Әлі келгенше пәтерін жөндеп, шатырдағы тесіктерді жамауға тырысқан. Алайда еңбегі жыл сайын зая кетеді. Өйткені мәселе 6 жылдан бері шешімін тапай келеді.

Сәуле Басанова, Қызылорда қаласы Скатков көшесі  № 104 үй тұрғыны:

Әсіресе жауын-шашын кезінде шатырдан шелектеп су ағады. Қанша жөндеу жасасаң да, пайда жоқ. Мен жұмыста болған кезде төбедегі бетон балаларымды басып қала ма деп қорқамын.

Бүгінде 5-ші қабатта тұратын тұрғындардың барлығынан маза кеткен. Бірнеше отбасы туыстарын уақытша паналап жүр. Тұрғындардың айтуынша, шатырды өздері жөндеп алуға тырысқанымен, оған рұқсат берілмей отырған көрінеді.

Бану Әбдеева, Қызылорда қаласы Скатков көшесі  № 104 үй тұрғыны:

Біз өзіміз жасайық десек, бізге рұқсат бермей жатыр, оған техбезопасность керек, астында қалып қоясыңдар, ондайды сендерге істеуге болмайды деп жатыр. Сондықтан облыстық әкімшілікке шыққанбыз 10 наурыз күні, 11 наурыз күні ол жақтан жауап келді, қалалық әкімшілікке қарауына берілді деп. Содан бері әлі хабар жоқ, біз күтудеміз.

Қалалық әкімдік өкілдері болса, қауіпті мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз деп отыр.

Нұркелді Серімбетов, Қызылорда қалалық «Тұрғын үй»  ММ маманы:

Пәтер иелері кооперативімен бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Тұрғындар өзара бірлесіп, ақылдасып, төбеде болып жатқан плита жарығын қайта жөндеуге тырысу қажет. Негізінде өздері ықпал жасау керек, нан табуға жағдайлары жоқ болса, жазып берсін. Бізге жарылып тұр деп арыз келді, енді қарастырамыз жолдарын.

Қалалық әкімдік осы мәселеге орай арнайы комиссия құрылғанын айтты. Олар үйдің шатырын жан-жақты зерттеуден өткізбекші. Тұрғындардың мүмкіншіліктері мынау кіреберістегі плитаны нығайтуға ғана жетті. Ендігі үміті құзыретті орындарда ғана.

Шарипа САҚТАПОВА