Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағандыда үй кезегінде тұрған үш жүзден астам отбасы баспаналы болды

AstanaTV
25.06.2021ж. 20:00
1936
Қарағандыда үй кезегінде тұрған үш жүзден астам отбасы баспаналы болды

Қарағандыда үй кезегінде тұрған үш жүзден астам отбасына Саран қаласынан пәтер берілді. Мұнда 9 тұрғын үйді қалпына келтіру жоспарланған. Бір кездері қараусыз қалған РТИ мөлтек ауданы жаңартылып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде индустриалды аймақ құру көзделуде. Заманауи фабрикалар мен әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр. Осыған орай енді қалада жаңа жұмыс орындары ашылатыны анық. Соның бірі ретінде өнеркәсіптік көшбасшылардың бірі -  «QAZ TEHNA» автобус шығаратын компаниясын айтуға болады .

РТИ шағын ауданы бұған дейін «өлі қала» деп аталды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында 100-ден астам бес қабатты үй жылусыз және байланыссыз қалып, адамдардың бәрі көшіп кеткен еді. Ал, қазір жағдай басқаша.Тұрғындардың тіршілігі ретке келе бастаған. Былтыр 2 үй қалыпқа келтірілді. Баспанасы жоқ Наталья Демина қыздарымен 10 жылдан бері үй кезегінде тұрған. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген ол бүгін қоныс тойын тойлады.

Наталья ДЕМИНА, РТИ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ия, өте қуаныштымын. Мен бұл күнді қанша жыл күттім. Бұрын мұнда тіршілік болған, тіпті Қарағандыдан адамдар көшіп келіп өмір сүрген. Алдыңғы РТИ ауданының қалпына келтірілгеніне қуаныштымын! Әрі қарайға өз үйімізде жайлы өмір сүреміз деп ойлаймыз.

Мемлекет мүмкіндігінше бес қабатты ғимараттарды қалпына келтіріп жатыр. Тексеру нәтижесінде 50-ге жуық үй өмір сүруге жарамды деп танылған. Бұл үй кезегіне тұрғандардың санын 2 есеге қысқартты, дейді Саран қаласының әкімі.

Ержан ТЕМІРХАНОВ, САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

2022 жылға дейін 9 үйді аяқтаймыз деген жоспар қойып отырмыз. Оның 360 пәтерін кезекте тұрғандар алады, ал 150 пәтер сол жерде индустриалды аймақта құрылатын кәсіпорындардың қызметкерлеріне арналған.

Қазір Саран индустриалды аймағында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. «QAZ TEHNA» автобустарын шығаратын жаңа зауыт ашылды. Оған ең ірі әлемдік өндіруші – Yutong компаниясы серіктес болды. «Сарыарқа» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлескен кәсіпорнының мүшесі. Жобаның құны шамамен -23 миллиард теңге. Жақында екінші цех - ұсақ торапты құрастыру басталады. Ал қазір автобус шығарудың толық кезеңі жүріп жатыр.

Арғұлан МАЙҚОНОВ, «QAZ TEHNA» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Осы цехты іске қосып жылына 1200 бірлік автобус шығарамыз. Сонымен қатар коммерциялық жабдықтар шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл самосвалдар, жол-құрылыс техникасы, алдыңғы жүк тиегіштер, бұның бәрі тапсырыс берушінің тапсырысымен.

Қазір Қарағанды - Саран қалалары арасында 60 автобус қатынайды. Жақында бұлардың қатары тағы 300-ге толықпақ. Қоғамдық көліктер жолдың жағдайына және климатқа сәйкес тексерілген. Сонымен қатар, оларға арнайы бақылау жүргізілді, барлық электронды жүйелер мен қозғалтқыштар сынақтан өтті. Зауыт олардың электромобильдер шығаруға дайын екенін мәлімдеді.

А. Данияр