Елорда маңындағы Ақмол ауданының 3 ауысымдық мектеп мәселесі шешіледі. Биыл күзде Өтеміс ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Білім ошағы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында салынып жатыр. Ауыл балалары бұған дейін көрші ауданға қатынап оқитын, сондықтан мектептің ашылуын олар асыға күтіп жүр. Ата-аналар мен мұғалімдер де елдімекенде жаңа замануи білім беру ғимаратының салынып жатқанына дән риза. Ал білім бөлімінің басшылығы алдағы бірнеше жылда өңірде мектеп тапшылығы толықтай жойылады деп сендірді.
Қанат АХМЕТОВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұған дейін арнайы автобуспен осында тасымалдап оқыттық балаларды. Енді мектеп құрылысына байланысты қыркүйектен бастап ауылдарында оқитын болады.
Бұдан бөлек аудан орталығында ірі спорт кешені салынып жатыр. Жобаның құны 1 млрд теңгеге жуықтайды. 2 блоктан тұратын спорт кешенінің ішінде бассейн, футбол алаңы мен жаттығу залы бар. Құрылыс бөлімінің өкілдері мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Кешен ел егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында ауыл халқына үлкен сый болмақ.
Ғ.Өтемісов