$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қарағандыда шахтерлер династиясының еңбек өтілі 217 жылға жеткен отбасы тұрады.

AstanaTV
28.08.2017ж. 20:00
3406
Қарағандыда шахтерлер династиясының еңбек өтілі 217 жылға жеткен отбасы тұрады.

Қарағанды облысы кеншілер күнін дүркіретіп тойлады. Қара алтынға бай өлкеде биыл бұл мереке 70-інші рет аталып өтті. Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск қалаларындағы мерейтойлық салтанатқа 15 мыңға жуық кенші қатысып, оларды қазақ эстрадасының жұлдыздары құттықтады.

Өңірдегі Саран қаласын тұңғыш кеншілер шаһары деуге болады. Дәл осы елдімекен шатқалдарынан халық алғаш рет қолмен көмір қазуды бастаған. Талай кеншілер әулеті осы өңірден шыққан. Солардың бірі- Номоконовтар отбасы. Людмила әжей мен Геннадий атайдың 2 баласы мен 3 немересі ата жолын қуған. Шахтерлар династиясының еңбек өтілі бүгінде 217 жыл.

Геннадий Номоконов,  құрметті кенші:

Шахтерлар күні - үлкен мереке. Ол тұңғыш төл мереке. Жер астына қанша шахтер түссе, жұмыстан кейін сонша шахтер жер бетіне көтерілсін деп тілеймін. Көмір - өндірістің наны. Онсыз металлургия да, өндіріс те жоқ. Ал, өндіріс болмаса, біз тас дәуірінен бір-ақ шығамыз. Мен осы өндірістің нанын қанша қазсақ та, денсаулығымыз мықты болсын деп тілеймін.

Мерекеге орай, Абай қаласының өнер ұжымдары Қарағанды көмірінің тарихын сахналады. Қарапайым халық 19-шы ғасырдың өзінде жылтыр қара тасты пешке салып көрген соң, оны отын ретінде пайдалана бастаған. Бүгінде қара алтын ел экономикасының тірегіне айналды.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

Елбасымыз айтқандай, Қазақстанның гүлденуі, индустриялдық гүлденуінің бастауында тұрған, ол- қарағандылық шахтерлар деп айтқан болатын. Міне сол сөз біз үшін, қарағандылықтар үшін, шахтерлар үшін өте үлкен мақтаныш. Сол мақтанышқа лайық біздің кеншілеріміз.

Ал, Шахтинскіде үлкен концерт ұйымдастырылды. Шахтерлар отбасылары орталық алаңда серуендеп, шаттанды. Қатерлі де, құрметке лайық мамандық иелері бір-біріне бас амандығын тіледі.

Ерғалы Ақаев, кенші:

Үйден шыққанда да, «бісмілләңді» айтып шығасың. Бала-шағам, жолдасым да шығарып салып жатады. Ең бастысы шахтерларға денсаулық, табыс тілеймін.

Қарағанды көмірін 1833 жылы қарапайым қойшы бала Аппақ Байжанов тауып алған. Өңірде қара көмір қазу осы кезде басталды. Алайда, ауыр да, жемісті еңбек Ұлы Отан соғысынан кейін ғана бағаланып, шахтерлар күні болып белгіленді. Бүгін Қарағанды, Шахтинск, Саран, Абай қаласының мыңдаған тұрғыны кәсіби мерекелерін түн ортасына дейін 70-інші рет тойлады.

Сарандықтар үшін мерекелік кешке Роза Рымбаева мен Айқын Төлепбергеннің келуі тосын сый болды. Дүркіреген той барлық қалаларда мерекелік отшашумен аяқталды.