$511.22 €540.05 ₽4.73
×

«Санкциялар соғысы». Бізге қатысы бар?

AstanaTV
02.09.2017ж. 20:00
1574
«Санкциялар соғысы». Бізге қатысы бар?

  Биыл Құрбан Айт қыркүйектің 1-не тура келді. Жазылмаған ереже - күзде басталатын саяси маусымның дәл осы мерекемен ашылуы түрлі ойларға жетелейді-ау... Биыл жазда терроршылар Барселонода қанды қырғын жасап, оншақты адам мерт болғаны мәлім. Сарапшылар радикалдардың адамдарды көлікпен жаныштап өлтіретін әрекеттеріне байланысты «фургон құралы тренді» туралы айтып бастады... Қалың көпшіліктің той-томалақ, киім-кешек, т/б сол тақылеттес тақырыптарға қызығатынын білеміз. Бірақ дүркіреген тойға қызығудың қажеті жоқ екенін, оның үстіне тойды кредитке жасаудың дұрыс еместігін ұғу үшін білім, ең болмағанда концептуалды информация керек. Сол үшін «неге олай?» деген сауалдарға үңілуді жалғастырамыз. Мысалы, Берлинде жоғары білім алып жатқан Іңкәр немістер туралы сұхбат берген, бағдарлама соңында тыңдайсыздар. Сонымен бастайық. Президент Н.Назарбаев АҚШ пен Ресей арасындағы «санкциялар соғысы» дейікші, ұлғайып бара жатқан текетіреске алаңдайтынын осы аптада тағы айтты. Төмен байытылған уран банкінің ашылу салтанатында. Жалпы қауіпсіздік тұрғысынан айтылғанымен, қазіргі сауда-экономикалық конфликтінің бізді де күрсіндіріп/ дегізіп отырғаны рас сияқты. Бұл тақырыпты аздап тарқатайық. 

Батыс әлемі мен Ресей арасындағы санкциялардың бізге ықпалы минималды дегенмен – олай сыпайылаған ҰБ төрағасы Данияр Ақышев, мән бермейтін нәрсе еместігін Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев Премьер-министрмен тамыз басында кездескенінде айтқан -  батыстың Ресейге санкцияларының бізге ықпалы мүмкін деп. АҚШ президенті Дональд Трамп тамыздың басында Ресейге салынған санкцияларды ұзартқанда құжатқа мұнай-газ және банк секторына қатысты жобалар да кірген. Нақтырақ айтқанда, бұл жолы ресейлік үлесі 33 және одан жоғары пайызды құрайтын жобалар енген. Яғни халықаралық жобалар деген сөз. Содан да шығар, біздің Энергетика министрлігі Д.Ақышев сияқты сыпайылаған жоқ.

«Бұл жағдай ҚР Энергетика министрлігін алаңдатады. Себебі РФ мен АҚШ Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ірі жобаларға қатысады. Осыған байланысты жағымсыз мәселе тумас үшін Қазақстан жағы шетелдік контрпартнерлерімен келіссөздер жүргізіп жатыр», - деген мәлімдеме таратты.

Министрліктің мәлімдеуінше, Ресейге қарсы санкциялар «ҚазМұнайГаз» жобаларына кесірін тигізбейді ме, зерттеліп жатыр. Зерделеніп жатқан тағы бір жоба  - Қарашығанақ. Бұл кеніштен өндірілген газдың негізгі бөлігі Орынбор газ өңдеу зауытына жіберілетіні мәлім. Ал ең басты қауіп - Каспий құбыр тарту консорциумын  кеңейтуге байланысты жоспар орындалмай қалуы мүмкін. Себебі Каспий құбыр тарту консорциумының бір акционері – Ресей. Әйтсе де кейінірек Энергетика министрі Қ.Бозымбаев қауіп үлкен емес деді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Бірінші кезекте бізді Каспий құбыр тарту консорциумына қатысты мәселелер алаңдатты. Бірақ біз қазір анализді мұқият қарадық. Айтарлықтай қауіп жоқ. Аталған жобаны кеңейтуге байланысты негізгі жұмыстар іске асып қойған. Бірнеше нысан ғана қалған. Қашаған мен Теңізден келетін мұнайдың осы құбырға құйылуына проблема жоқ. Жоқ сияқты.

Біздің журналистер еліміздегі АҚШ елшілігінен комментарий сұраған. Пресс-атташесі Рэн Эльхай «Ресейге қарсы америкалық санкциялар америкалық бизнес пен АҚШ-ң одақтастары үшін алдын-ала ойластырылмаған шешім емес» дегенге келетін сөз айтқан. Потенциалды санкциялар нақты проблемаға айналып кетпеуі үшін әріптестерімен алдын-ала ақылдасуға тырысатынына тоқталған. 

Рэн Эльхай, АҚШ-ң Қазақстандағы елшілігінің пресс-атташесі:

Біздің мақсатымыз, санкциялар біздің әріптестерімізге күтпеген жерден әсер етпеуін қамтамасыз ету. Санкцияларға сай тууы мүмкін барлық мәселені проблемаға айналып кетпей тұрғанда шешкіміз келеді. Президент Трамп айтқандай, Иран, Солтүстік Корея және  Ресейге қарсы санкциялар қабылдай отырып біздің достарымыз мен әріптестерімізге және біздің бизнеске жанама ықпал етпеуі үшін әрекет етіп, сонымен бірге Украинадағы конфликтіні реттеу жолындағы жұмыстарды жылжытуымыз керек. 

Бұл жердегі түсініксізі – санкциялар салынып қойды, ал әріптестерге кері әсер етпеуі үшін алдын-ала шешеміз дегені. Логикаға сыймайды. Бұл «достарымыздың бизнесіне кері әсерін тигізбеуі керек» деп мәлімдегенімен, бізді қоя тұралық, еуропалықтардың Ресейден тартып жатқан газ құбырының болашағын бұлыңғыр етіп қойғаны, Мексикамен арада дуал тұрғызамын деп қайтпай отырған президент Трамптың ... Трамп екенін көрсетеді. Сонымен бірге кейбір деректерге қарағанда, Теңізшевройл компаниясы – көктемнен бастап мұнайды Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен тасу жайын барлай бастаған. Тіпті мұнайды тасып бастаған. Ал еліміздегі Батысқа кететін негізгі құбыр – Каспий құбыры консорциумы. Аталған компания біздің журналистердің санкциялардың ықпалына  байланысты жіберген сауалдарына берген жауабында «халықаралық қатынастар, немесе өндірістік көрсеткіштерге орай түсініктеме бермейміз» деп нақты ешнәрсе айтпады. Алайда америкалық Шевронның Баку-Тбилиси-Жейханға назар аудара бастауы КТК- құбырына санкциялардың әсері болатынын жанамалап болса да растайтындай...