Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырауда өртенген көліктердің иелері бір жылдан бері кінәліні таппай жүр

AstanaTV
07.07.2021ж. 20:00
4740
Атырауда  өртенген көліктердің иелері бір жылдан бері кінәліні таппай жүр

Атырауда техникалық жөндеу орталығында өртеніп кеткен 8 көліктің  иесі бір жылдан бері кінәліні таппай жүр. Олар тергеудің тым ұзаққа созылып кеткеніне ашулы. Айтуларынша,  мәселенің сиырқұйымшақтануында  бір себеп бар.  Бүгін шағымданушылар облыстық прокуратура алдына жиналып,  істің неге сотқа жетпей жатқанын құзырлы орын өкілдерінен сұрады.

Бір жылдан бері құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырған 8 атыраулық азамат  тағы да прокуратура алдына жиналды. Олар көлік жөндеу орталығында отқа оранған темір тұлпарының шығынын өтеуді талап етіп жүр.  Алайда іс сағызша созылып, сотқа жетер емес.  Нұрлан Әжентаев "өрт  көлігімді жөндеп  жатқан кезде басталды" дейді.  Айтуынша,  орталық   қожайыны көлік иелерінен кешірім сұрамақ түгілі, істің жүруіне тума-туыстары арқылы кедергі келтіруде.

Нұрболат ӘЖЕНТАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мұның артында мамасы, папасы тұр. Бұрынғы  прокуратура, бұрынғы адвокат. Осы таныстар арқылы тоқтатып тастап тұр шаруаны. Біздің ақымаққа санап тұр шыны керек. Ақшамызды бермей. Мүлкімізді  талап етсек, бергісі келмей тұр бір сөзбен айтқанда.
 

Мұратбек САЙРАНБЕК, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің ісіміз ұзаққа созылғаны сонша бұл жерде мүдделі тұлғаладың қатысы бар ма? бізде күдік көп.  Осы жерге бас прокуратура үнімізді естісе екен деп жиналдық . Әбден қажып, шаршап кеттік. Мен бұл көлікті екі жыл тынбай еңбек етіп жинап алдым. 10 минуттың ішінде қаңқасы қалсын деп сатып алған жоқпын.  Орталықтың қожайынымен байланысқа шығу мүмкін емес.

 
Шағымданушыларды  қала прокуроры қабылдады.  Айтуынша, қазір құрылыс-техникалық сараптама жүргізіліп жатыр.  Бір айдан соң  іс сотқа жолданады деді. Шығын  23 млн теңге шамасында.

Аршат ТАЙТУЛЛИН, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:


Бүгінгі күні күдіктінің қорғаушылары тарапынан қазір өтініштер түсіп жатыр. Солардың қаралуына байланысты және күрделі сараптаманың тағайындалуына байланысты  бүгінгі күні сотқа жолданған жоқ. Сараптама аяқталды. Аяқталғаннан кейін процессуалды шешім қабылданатын болады.


Еске салайық, оқиға былтыр  шілде айында болған. Көлік жөндеу орталығы өртеніп, ішіндегі 8 көлік жанып кеткен еді.  «Бөтеннің мүлкін жою және бүлдіру» бабы бойынша іс қозғалған. Ал бүгін  іс   «Қауіпсіздік ережесін бұзу»  бабына ауысқаны белгілі болды.  Көлік иелері енді тағы бір ай күтуге келісті.  Болмаса, бас прокурорға шағымданамыз дейді.  

Б. Нәдірқызы