$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тұрғындары мал жаятын жер жоқ деп дабыл қағуда

AstanaTV
14.07.2021ж. 20:00
3666
Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тұрғындары мал жаятын жер жоқ деп дабыл қағуда

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында жайылымдық жер тапшы. Ауыл маңындағы жердің барлығы егін алқабына айналды деп тұрғындар дабыл қағуда.  Олар амалсыздан төрт түлікті қорада қамап, ұстауға мәжбүрміз дейді. Ауылдағы ағайынның мәселесін тілшіміз тыңдап келді.

Өркендеу ауылының тұрғындары төрт түлігіне өріс таппай қиналуда. Айтуларынша, әкімдік ауыл маңындағы жерлерді жеке шаруа қожалықтарына беріп жіберген. Енді жұрт жайылымның жоқтығынан мал басын көбейте алмай отырмыз деп ашынады.

Ардақ КЕНЖЕКЕЕВ, ӨРКЕНДЕУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шаруа қожалықтарына ауылдың іргесінен жақын жерлерінен жерді беріп енді біздің жайылымымыз тарылып кетті.  Агро Стильге біздің пайымыз өтіп кетті деп банкке залогқа берді деп жерді алып қойып, заң бойынша пайымызды жерімізді қайтарып берсе өйткені Амангелді Өркендеу төңірегінде тұрып жатқан тұрғындардың күнкөрісі осы мал шаруашылығы.

Қорғалжын ауданының әкімі бәрі заңды  дейді.   Айтуынша, елдімекен төңірегіндегі   жер телімдері   жеке шаруашылыққа тиесілі. Ал пай мәселесі екі тараптың келісімімен шешілетін шаруа  деді әкім.

Берік ЖАНБАЕВ, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Пай жөнінде бізге уақыт беріңіздер ол сразу с кондачка шешілетін мәселе емес, екіншіден мына жерді өздеріңіз келісіңіздер де қорықтың маңайынан шөпті шауып алыңыздар, ол сіздерге тегін берілетін жер.

Жер қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша, Өркендеу ауылының аумағы- 9 мың гектар. Ауылдағы мал саны-800-ден асады.   Жайылымдық жерге қатысты проблема жоқ дейді. Ал қазір жұрттың мал өргізгісі келіп отырған бұл аумақ жеке серіктестіктің заңды иелігінде екенін айтты.

Нұрсұлтан ӘЛІМЖАНОВ, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Халықтың айтып жатқаны егін егіп жатқан ТОО "Агро стиль" өзінің заңды алынған жер телімін егіп жатыр. 90- жылдардан бері ол жер егістік алқап болып тіркеліп тұр. Қазіргі уақытта өздеріңіз көріп жатқандай жұт келе жатыр сол себептен бұл кісі шөп отырғызуға ниет еткен.

Жауаптылардың сөзінше, бұл күрмеулі мәселе көп ұзамай шешімін табады. Қалай болғанда да халық жем-шөпсіз қалмайды.  

Ә. Нұрсұлтанқызы