$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кейбір өңірлерде айт намазы оқылмайды

AstanaTV
15.07.2021ж. 20:00
4718
Кейбір өңірлерде айт намазы оқылмайды

Құрбан айтта құрбандық шалу міндетті. Елдің бас мүфтиі көпшілікті толғандырған сұраққа жауап берді.  Айтуынша, шариғаттың талап еткен шарттарын ешкім өзгерте алмайды.  Бірақ пандемияға байланысты айт мерекесін тойлауға қатысты шектеулер бар. Ол туралы қазір тілшіміз Асылбек Данияр толығырақ айтатын болады.

Асылбек, эпидахуал елімізде күрделі. Биыл елімізде Құрбан айт қалай аталып өтіледі? Мешіттерде Айт намазы оқыла ма?   

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қайырлы кеш, Лаура! Биыл 20 шілдеде Құрбан айт намазы оқылады. Бұл өте қуанышты жаңалық.  Бірақ     "сары" және "жасыл" аймақта орналасқан облыстарда ғана  рұқсат етіледі. Құлшылық уақыты карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып, 10 минутқа созылады. Ал, "қызыл" белдеудегі өңірлерде талап басқаша.

Наурызбай Қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

Дегенмен, «қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Осы ретте жамағаттан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрақтамауды сұраймыз.

Тағы бір маңызды мәселе, республиканың кейбір аймақтарындағы қуаңшылыққа байланысты мал бағасына қатысты сұрақ көп қазір. Бұл орайда ҚМДБ төрағасы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Асылбек, Құрбандық шалу рәсімі қалай жүзеге асады? Былтырғыдай qurban2021.kz сайты іске қосыла ма?

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Я, Лаура, биыл да qurban2021.kz сайты арқылы құрбандық шалуға болады. Бүгіннен бастап, айттың соңғы күніне дейін өтініш беруге мүмкіндік бар. Ал, мұқтаж отбасылар 17 шілдеден бастап жүгіне алады.

Сонымен қатар, құрбандық шалу санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары белгілеген қасапханаларда онлайн және оффлайн жүзеге асырылады.  Ал, "қызыл" аймақтарда рәсім шариғаттағы "өкілдік" қағидасымен орындалады. Мал сою орталықтарына да "Ashyq" қосымшасы енгізіледі. Келушілер бетперде мен қолғап киіп келулері шарт. Жас балалар, әйелдер және 65-тен асқан азаматтар қасапханаға кіргізілмейді.

Оңғар ЕРШАТ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, НАИБ МҮФТИ:

Қасапханаға қойылатын талаптар: қасапшы мұсылман болуы, кәмелетке толған, психикалық-физикалық тұрғыда сау болуы, мал союды жақсы меңгерген болуы, санитарлық талаптарды сақтауы шарт.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Айта кетейік, құрбандық еті жағдайы төмен және толық емес отбасыларға, балалар үйі мен қарттар үйіне таратылады. Бұл жұмысқа еріктілер мен мешіт қызметкерлері тартылады деп жоспарлануда. Мендегі бар ақпарат осы. Лаура, сөз өзіңде.


Асылбек, ақпараттарың үшін көп рақмет. Қалыпты өмірге қайта оралып, келесі Құрбан айтты өз талаптарымен өткізуге тілектеспіз.  Студиямен байланысқа шыққан тілшіміз Асылбек Данияр болатын.

А. Данияр